09 сәу, 2025 сағат 10:36

Астанада жатақханада өрт шықты

Фото: ТЖМ

Бүгін таңертең елорданың Сарыарқа ауданы, Бұланты көшесіндегі мансард үлгідегі жатақхана ғимаратында өрт шықты. Алты қабатты ғимараттың мансард қабаты толығымен отқа оранған, деп хабарлайды Ult.kz.

Өрт туралы хабарлама алған соң, оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері дереу жетті. Құтқарушылардың алдын ала барлау жұмыстары өрттің 6-қабатта орын алғанын көрсетті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары құрылып, суды үздіксіз жеткізу ұйымдастырылды.

Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді іс-қимылдарының арқасында:

  • 50 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды;

  • 490 адам өздігінен қауіпсіз жерге шыға алды.

Өрт 1600 шаршы метр аумақты шарпыды. Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт зерттеу сынақ зертханасы және ТЖД анықтау бөлімі оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.

Құтқарушылардың кәсіби дайындығы мен шұғыл әрекеттерінің арқасында адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды. Азаматтарға сақтық шараларын сақтау және өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аудару ескертіледі.