Елорда әкімі Алтай Көлгінов 2022 жылы қалада жаңа инфекциялық аурухана салынатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ковидпен күрес аясында 16 стационар жұмылдырылған еді. Бірінші қалалық аурухананы коронавируспен күреске тарттық, сондай-ақ үшінші қалалық аурухананы, теміржол ауруханасы, барлық госпитальдер қамтылды. Қазіргі кезде індеттің таралу деңгейі төмендеді, алайда келесі толқын қашан болатынын кім біледі?!» - деп тоқталды А. Көлгінов елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында.
Осы орайда ол қалаға тағы бір инфекциялық стационар керек екенін айтты.
«КВИ-мен және басқа да инфекциялармен күрес бойынша бізге жаңа стационар керек болып тұр. Бізде тиісті тапсырма бар, қазір осы мәселе тұрғысында жұмыс істеп жатырмыз, жобалау-сметалық құжатнама әзірленіп жатыр. Дәрігерлер мен науқастарға қолайлы жағдай жасау үшін онда тиісті нысандар ескеріледі», - деді қала әкімі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы елордада ескі үйлердегі тұрғындардың мәселесі шешіледі.