04 қаз, 2024 сағат 13:07

Астанада заңсыз салынып жатқан 37 көпқабатты тұрғын үй анықталды

Фото: Pexels.com

Астанада заңсыз салынып жатқан 37 көпқабатты тұрғын үй анықталды. Бұл туралы Бас прокуратураға сілтеме жасаған Ult.kz хабарлайды.

Заңсыз құрылыспен айналысқан жекелеген компаниялар үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқан. Осы негіздер бойынша ағымдағы жылы аталған заңбұзушылықтар үшін ӘҚБтК-тің 320-бабымен 64 құрылыс нысаны бойынша 51 құрылыс салушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ведомство мәліметінше, 12 құрылыс салушыға қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр.

Астана қаласының прокуратурасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мынадай тәсілдердің бірімен ұйымдастырылатынын еске салған:

  • 1) Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының (Қазақстан тұрғын үй компаниясы) кепілдігін алу;
  • 2) екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу;
  • 3) ғимараттың қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.
"Азаматтардың қаражатын басқа тәсілдермен тартуға тыйым салынады (алдын ала брондау шарты, брондау, инвестициялау, талап ету құқығын басқаға беру). Жаңа соғылып жатқан үйден пәтер сатып алмас бұрын, құрылыс салушының сенімділігін тексеріңіз. Егер Cіз жосықсыз әзірлеушіге тап болсаңыз 71-24-87 нөміріне қоңырау шалыңыз", - деп ескертеді прокурорлар.