25 ақп, 2026 сағат 16:08

АСТАНАДА «ЗАМАНА ЖАҢҒЫРЫҒЫ» ЭТНО-БАЛЕТІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТЕДІ

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында танымал қазақстандық хореограф, «GULDER» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықованың шығармашылық қызметіне 25 жыл толуына арналған «FLOW/АҒЫН» концерті өтеді. 

FLOW / АҒЫН — бұл тоқтаусыз қозғалыс пен шығармашылық сана ағынын бейнелейтін, ұлттық хореографияның эволюциясы туралы көркемдік толғаныс. Бағдарламада бас балетмейстердің дара қолтаңбасы — неоқазақ хореографиясы айқын көрініс табады.

Концерт бағдарламасында Анвара Садықованың Қазақстанның жетекші хореографиялық және театрлық ұжымдарының репертуарына енген таңдаулы қойылымдары ұсынылады. Сонымен қатар Морис Равельдің музыкасына жазылған «Замана жаңғырығы» («Эхо эпох») этно-балетінің тұсаукесері өтеді.


Концертке Қазақстан мен Қырғызстанның өнер жұлдыздары қатысады: Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбеков, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Гүлзада Рыскулова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ардақ Елеусіз, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сұлтанбек Ғұмар, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Динара Құдабаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Көркем Шолошова, «GULDER» ансамблінің әртістері және Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері.


Анвара Садықова – 70-тен астам хореографиялық композицияның және екі балеттің авторы. Олардың репертуары Алматы хореографиялық училищесі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры, Қазақ ұлттық хореография академиясы, «ASTANA OPERA» Мемлекеттік академиялық опера және балет театры, «ASTANA BALLET» театры, «GULDER» ансамблі және еліміздің басқа жетекші шығармашылық ұжымдарында қойылған. Ол Германия, Франция, Латвия, Австрия, Италия, Швеция, Испания, АҚШ, Ресей, Грузия, Татарстан, Шешен, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан, сондай-ақ, басқа елдердегі халықаралық және республикалық байқаулардың 30-дан астам лауреаты мен Гран-при иегерін тәрбиелеген.

Сонымен қатар, ол ұлттық хореография тарихына арналған үш деректі фильм сценарийінің авторы, соавторы және режиссёрі. Ұлттық балет мәселелеріне арналған 25-тен астам ғылыми-зерттеу мақалалардың және төрт кітаптың авторы және соавторы. Халықаралық кәсіби қызметте де белсене араласып, Латвия, Ресей, Беларусь және Қазақстандағы халықаралық хореографиялық байқаулардың қазылар алқасының мүшесі болып жүр.

Фотолар: «Қазақконцерт» баспасөз қызметі