9 сәуір күні Қазақстанда «Темірлан» тарихи экшн-драмасы кең прокатқа шығады. XIV ғасырдағы тарихи оқиғаларға негізделген картинада Моңғол империясының ыдырау кезеңі мен Ұлы Жібек жолының құлдырауы аясындағы күрделі дәуір суреттеледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Фильм желісі бойынша, шайқастарда шыңдалған Темір Барлас туған жеріне оралып, отбасының абыройын сақтап, жақындарының сенімін ақтауды мақсат етеді. Алайда бұл жолда ол билікке ұмтылып, қантөгіс пен сатқындыққа толы ауыр таңдауларға тап болады.
Халықаралық жоба Өзбекстан, Қазақстан және АҚШ кинематографистерінің бірлесуімен түсірілген. Фильмнің режиссері – Джейкоб Шварц. Ол туындыны тарихи тұрғыдан барынша шынайы жеткізуге күш салғанын атап өтті.
Басты рөлді сомдаған Кристиан Мортенсен картина сценарийін жазуға да қатысқан. Оның айтуынша, фильмде Әмір Темірдің тек жаулаушы емес, әке, жар және тұлға ретіндегі бейнесін ашу маңызды болған.
Темірланның одақтасы әрі қарсыласы Әмір Хұсайынның рөлін Махеш Джаду, ал Ілияс Қожа бейнесін Джошуа Джо сомдаған. Әйелдің басты рөлін өзбек актрисасы Юлдуз Раджабова орындады.
Картинаға қазақстандық танымал актерлер – Еркебұлан Дайыров, Санжар Мәди, Әзиз Бейшеналиев және басқа да өнер иелері қатысқан. Сондай-ақ фильмде Nomad Stunts каскадерлер тобының жұмысы ерекше орын алады.
Түсірілім жұмыстары Қазақстан мен Өзбекстан аумағында жүргізілді. Соның ішінде Алматы маңында Әмір Темірдің өміріндегі маңызды «Лайлы шайқас» көріністері түсірілген.
Жоба авторлары бұл туындыны Орталық Азия киноиндустриясы үшін бірегей мульти-мәдени бастама ретінде бағалайды. Фильм Mystery Box продакшн-компаниясының 7SABER және BWG Production студияларымен бірлесіп түсірілген.
