Фото: Қазақстандағы Франция елшілігінің баспасөз қызметінен
2026 жылғы 1–15 сәуір аралығында Армения, Бельгия Корольдігі, Канада, Франция, Литва, Марокко Корольдігі, Румыния және Швейцария елшіліктері Қазақстанда француз тілі мен франкофон мәдениеттерінің алуан түрлілігіне арналған пәнаралық фестиваль – Франкофония көктемін бірлесіп өткізеді. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз конференциясында осы ел елшілері айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Фестиваль Француз альянстары, франкофон қауымдастықтары және қазақстандық мәдени мекемелермен ынтымақтастықта ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында түрлі іс-шаралар жоспарланған: кино көрсетілімдері, концерттер, конференциялар, әдеби кездесулер, көрмелер, француз тілі мен франкофон әндері бойынша байқаулар.
Франкофония көктемінің 16-шы шығарылымы Қазақстанның бірнеше қаласында өтеді: Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Қостанай қалаларында.
Фото: Сильван Гиоген / Қазақстандағы Франция елшілігінің баспасөз қызметінен
Француз тілі – әлемдегі кең таралған тілдердің ішінде төртінші орында: оны бес құрлықта 396 миллион адам сөйлейді. Бұл туралы Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоген айтты.
“Француз тілі оқытылатын тілдер арасында танымалдығы бойынша екінші орында – 51 миллион оқушы. Француз тілі 29 елде ресми мәртебеге ие және БҰҰ, НАТО, Еуро Одақ сияқты халықаралық ұйымдарда қолданылады”, – дейді елші.
Сонымен қатар Қазақстанда француз тілін 11 000 студент оқиды, ал шамамен 25 000 адам бұл тілде сөйлейді екен.
Сонымен қатар елші елімізде бірқатар мектептер аясында француз тілін оқытатын орталықтар мен француз мәдени орталықтарында да француз тілі курстары жұмыс істейтінін айтты. Елшінің сөзінше Қазақстан халқы француз тіліне жоғары қызығушылық танытып отыр.
“Жақында Алматы мен Астана қалаларында француз мектептері ашылады. Мектепке балаларды 3 жастан аламыз. Балалардың француз тілін меңгеріп келуін талап етпейміз, метеп директоры балаларды өзі таңдап алады. Ата-аналар балаларын француз жүйесімен оқытатынын, бұл жүйе Қазақстанның жүйесіне ұқсамайтынын түсінулері керек. Қазақстандықтардың француз мектебіне қызығушылығы жоғары екенін көріп таңқалдық”, – деп отыр Сильван Гиоге.
Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Әсіресе тіл мен мәдениет арқылы өзара түсіністікті нығайту – қазіргі жаһандану дәуіріндегі маңызды бағыттардың бірі. Осы ретте халықаралық мәдени шаралар халықтар арасындағы диалогты дамытуға және серіктестікті тереңдетуге ықпал етіп жатыр.
Қазіргі жаһандану заманында елдердің өзара қарым қатынасын дамытуда аталған іс шара сияқты ауқымды жобалардың рөлі зор екенін Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эрик Де Майер атап өтті.
Фото: Эрик Де Майер / Қазақстандағы Франция елшілігінің баспасөз қызметінен
“Адамдар қазір жаңа технологиялар арқылы сөйлесетіні мәлім және қоғамда қысым көбейген қазіргі заманда өзара түсініспеушілік артқаны байқалады. Француз тілі арқылы диалог халықтар мен мәдениеттер арасында берік байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұған қазіргі біздің жиынымыз дәлел деуге болады. Алдағы екі апта ішінде өтетін шара аясында мәдениетаралық байланыстың маңызы мен Брюссель және Астана арасындағы берік ұстанымының маңызын баса айтқымыз келеді”, – деді елші.
1970 жылы құрылған Франкофонияның халықаралық ұйымы (ФХҰ) француз тілін ілгерілету және тілдік әралуандылықты қолдау мақсатында, сондай-ақ білім беру, мәдени диалог, тұрақты даму, ынтымақтастық, демократия және бейбітшілікті дамыту үшін 90 мүше мемлекет пен үкіметті біріктіреді.
Франкофонияға мүше мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының 19-шы конференциясы 2024 жылдың қазан айында Францияның Виллер-Котре және Париж қалаларында өтті. Келесі саммит 2026 жылдың соңында Камбоджада өтеді.
Қазақстанда Франкофония көктемі 16 жылдан бері ынтымақтастықтың басты мәдени оқиғасы болып келеді.
Франкофония көктемінің еліміз бойынша өтетін іс-шараларының бағдарламаларын Қазақстандағы Франция telegram арнасынан оқуға болады.
