30 нау, 2026 сағат 11:50

Қазақконцертте Қуат Шілдебаевтың «Отан Ана» шығармашылық кеші өтті

Фото: Қазақконцерттің баспасөз қызметінен

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында  танымал композитор Қуат Шілдебаевтың «Отан Ана» шығармашылық кеші өтті. 

Концерттік бағдарламада «Қайран көңіл», «Сағым дүние», «Отан Ана», «Жан Ана», «Кешір мені», «Аманат», «Аялаған арман-ай», «Сәуле» әндері және танымал кинофильмдерден алынған музыкалық шығармалар орындалды.

Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ардақ Балажанова, Ренат Гайсин, Дильназ Ахмадиева, Дәурен Серғазин, Жанар Дугалова, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Анна Уварова, талантты әншілер Қайрат Баекенов, Марсель, Шаба Әденқұлқызы, дарынды қобызшы Олжас Құрманбек, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ербол Тәжібаев, Дидар Әбдухалық, Нұрай Шеру, Али Окапов, Мәди Рымбаев, Гаухар Өмірзақова және Ақмаржан Құрманбек қатысты. 




Фотолар: Қазақконцерттің баспасөз қызметінен

Бұл кеш – Қуат Шілдебаевтың алғашқы жеке шығармашылық кеші. Іс-шара барысында композитордың туындылары «Saz&Soul» тобы мен «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалып, оның музыкасына жаңа қырынан үңілуге мүмкіндік берді.

Қуат Шілдебаев – танымал композитор, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. Ол симфониялық, камералық, хор, халық аспаптарына және кинофильмдерге арналған шығармаларды жазды. Оның туындылары «Отырардың күйреуі», «Қош, Гүлсары», «Балалық шағымның аспаны», «Шал» секілді фильмдерде пайдаланылған.
2025 жылы АҚШ-та «Global Music Partnership Press» баспасы композитордың жеке скрипка мен ішекті ансамбльге арналған «Қаракемер» күйін жарыққа шығарды. Осылайша, композитор шығармасы америкалық басылымда жарияланған Қазақстанның алғашқы өкілі атанып, бұл оның халықаралық деңгейде танылуындағы маңызды кезеңге айналды.

«Қаракемер» күйі Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығының қолдауымен Нью-Йорк қоғамдық кітапханасының қорына енгізілді. Шығарманың премьерасы Гарвард университетінде және Бостондағы Бейнелеу өнері музейінде өтті.