Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакциналанғандар арасында Мальдив аралдарына екі адамға жолдама және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылады. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.
Ұтыс ойынына 25 қазан мен 25 желтоқсан аралығында (25 желтоқсанды қоса алғанда) вакцинаның 1-ші компонентін алған азаматтар қатыса алады. Екпені қаланың кез келген вакцинация пунктінен алуға болады.
«Ұтыс ойынына қатысу автоматты түрде өтеді, азаматтарға құжаттарды толтырып, тіркелудің қажеті жоқ. Мальдивке екі адамға арналған жолдаманың және басқа да бағалы сыйлықтардың ұтыс ойыны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі (Facebook, YouTube) тікелей эфирінде өтеді», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін елорда әкімдігі демеушілермен бірлесіп коронавирусқа қарсы вакциналанғандар арасында екі бөлмелі пәтер, автокөлік, 20-дан астам iPhone12, тұрмыстық техника және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатқан болатын.
Birge платформасында ұтыс ойынының жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы рандомайзер сервисі орнатылған, ол жүлде иелерін вакциналанғандардың ID генерациясы арқылы таңдайды.