Бүгін елорданың үш аумағында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Отшашу демеушілер есебінен өткізілді, оған бюджет қаражаты бөлінген жоқ, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Отшашу елорданың үш орнында ұйымдастырылды: Ботаникалық бақ аумағы, Атырау көпірінен солтүстікке қарай Есіл өзенінің сол жағалауы, Пушкин көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысындағы Ақбұлақ өзенінің солтүстік жағы.
Осылайша, 10 минуттық отшашу қаланың барлық ауданында көрініс тапты.
Атырау көпірінің ауданынан 5000-нан астамы атылып, отшашулардың биіктігі 50-ден 150 метрге дейін жетті. Ботаникалық бақ пен Пушкин көшесінің аумағында 1200-ден астамы атылды.
Естеріңізге сала кетейік, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елорданың мәдениет мекемелері 40-тан астам түрлі іс-шара өткізіп жатыр. Іс-шараның бәрі санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.
Сол сияқты мереке күндері қалада бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылуда.