24 қаң, 2017 сағат 19:59

Астанада Сирия бойынша бейбіт келіссөз аяқталды

Астанада Сирия дағдарысын реттеу бойынша өтіп жатқан бейбіт келіссөз аяқталды.

Келіссөздің қорытынды мәлімдемесін оқыған Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "атысты тоқтатып, арандату болдырмауды бақылайтын үш жақты механизм жасау туралы келісім жасалғанын" айтты.

Қайрат Әбдірахмановтың сөзінше, "кепіл елдер" "Ислам мемлекеті" және "Әл-Нусра" ұйымдарымен соғысты күшейтуге, оларға басқа қарулы оппозициядан бөлекше қарауға ниетті екеніндерін" растаған.

Еске сала кетейік, кеше, 23 қаңтарда Астанада Сириядағы жағдайды реттеуге қатысты келіссөздер басталған болатын. Келіссөздер елордадағы Rixos President Astana мейманханасында жабық тәртіпте өтіп жатыр.

Сондай-ақ, кеше Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы елшісі Стаффан де Мистурамен кездескен болатын. Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесі бүгінде Таяу Шығысты ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырғанын атап өткен еді.

Ұлт порталы