18 мам, 2017 сағат 10:04

Астанада сәтсіз жобаларға 260 млн теңге жұмсалған

Қалалық тексеру комиссиясы Астана қаласында жұмсалған бюджет қаражатындағы жетіспеушілікті анықтады, деп хабарлайды Elorda.info.  

Жұмсалған бюджет қаражатының жетіспеушілігі жайлы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы отырысында мәлімдеме жасалды.

Қалалық тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Молдаштың мәлімдеуінше, 2012-2014 жылдары  жергілікті бюджеттен 260,1 млн теңге бөлініп, «Болашақ мектебі - бүгіннен» тіркеудің кешенді жүйесі» жобасы жүзеге асырылған. Осы жоба аясында елорда мектептерінің оқушылары электрондық куәліктермен қамтамасыз етілуі тиіс болған.

Алайда, тексеріс нәтижесі жүйенің қала мектептері ішінде он білім ошағының бірінде ғана толыққанды орнатылғандығын анықтап отыр.

«2015 жылы «Astana Innovations» АҚ  техникалық сипаттамасы «Болашақ мектебі - бүгіннен» жүйесінің техникалық сипаттамасына сай келетін  «Smart мектеп» жобасын шығарды. Тұтас алғанда, іске қосылмаған жобаларға 648 млн теңге жұмсалды», - деді комиссия төрағасы Ғалымжан Молдаш.

Қалалық тексеру комиссиясы айыптаған ұйымдар қатарында  «Astana Innovations» АҚ,  «Астана LRT» ЖШС,  «Елорда даму» ЖШС сынды мемлекеттік сыңайлы ұйымдардың да аты аталды.