27 қар, 2020 сағат 13:25

Астанада проблемалы тұрғын үйлердің құрылысы 2023 жылға дейін аяқталады

Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың жазымен салыстырғанда құрылысы ұзаққа созылған үйлердің саны екі есе астамға азаяды. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram-да жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биыл құрылыстарын аяқтап, тағы 20 тұрғын үйдің құжаттарын ресімдеуге кірісуді жоспарлап отырмыз. Бір жарым жыл ішінде (2019 жылдың жазынан бастап) құрылысы ұзаққа созылған үйлердің тізімінен 30 тұрғын үйді алып тастауға болады. 

20-дан астам проблемалық тұрғын үй қалады. Олардың қатарында тек қазаншұңқырлары тұрған үйлер, мүлдем іргетасы қаланбағандары бар. «Территория комфорта-1« тұрғын үй кешені 2004 жылдан бері апатты болып саналды. Үйді техникалық тексеру жұмыстары құрылыс кезінде барлық нормалардың бұзылғанын, егер үй пайдалануға берілген жағдайда, оның құлайтынын көрсетті. Қалған құрылыстарды 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді А.Көлгінов. 

Әкімнің айтуынша, ол екі күн бойы бірқатар үлескермен және Тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің төрағаларымен кездескен.

«Олардың қатарында «Гарант», «Айсанам Де Люкс», «Баспана Көктал», «Арыстан», «Зере-1», «Ақерке-2» (1 кезек), «Жастар-4», «Жасыл НС», «Фемида», «Алтын Шар», Шығыс» (1а, 1в), «Жағалау 3» (28,29,30 блоктар), «Орбита», «Территория комфорта-2» және тағы басқалары бар.

Осы нысандардың құрылысы егжей-тегжейлі талқыланып, қандай қосымша шаралар қабылдау қажет екені шешілді.

Құрылыс қарқынын арттыру, құжаттама бойынша көмек көрсету және т.б. мәселелер талқыланды. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын қайта бастау — оңай емес. Құрылыс салушылар үлескерлер алдындағы, сондай-ақ сатып алушылар алдындағы барлық жауапкершілікті түсінуге тиіс.

Әріптестерім мен құрылысшыларға жұмыс қарқынын күшейтуді, қажетті құрылыс материалдарын сатып алуды, инженерлік желілер жүргізуді және т. б. тапсырдым», - деп жазды қала басшысы.