
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің жеке құрамы мен мұғалімдердің кезекті саны коронавирус инфекциясына қарсы екпе қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қала әкімдігінен мәлім еткендей, полицейлер арасында вакцина алдымен, тұрғындармен тығыз байланыста болатын, вирус жұқтыру қаупі жоғары қызметкерлерге салынады. Олардың арасында учаскелік полиция инспекторлары, потрульдік полицейлер, ювеналдық полиция және өзге де мамандар бар.
Вакцинация жасалмас бұрын дәрігер міндетті түрде дене температурасын, жүрек қағысын, артериялық қан қысымын, тыныс алуын және жүрек-қан тамырлары жүйесін, ауыз қуысын тексереді, эпидемиологиялық анамнез нақтыланады.
Вакцинацияға тек екпеге қарсы көрсетілімі жоқ қызметкерлер кіргізілді.
Потрульді полиция қызметінің инспекторы Айбек Құрамысов вакцина алғаннан кейін өзін қалай сезінетінін айтып берді.
«Медициналық тексерістен кейін вакцинаның бірінші компонентін алдым. Өзімді қалыпты сезініп тұрмын, жұмыс орнындамын. Вакцинацияның вируспен күресте көмегі тиетініне сенімдімін. Пандемия басталғаннан бері полиция қызметкерлері түрлі жағдаймен ұшырасып, вирус жұқтыру қаупі жоғары аймақтарда алдыңғы шепте жүр ғой», – деді полиция аға лейтенанты.
Айта кетсек, вакцинация Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің емханасында өтті.
№85 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Жансерікова вакцинаны ең бірінші кезекте өзінің оқушыларының қауіпсіздігі үшін қабылдағанын жеткізді.
«Бізге нақты нұсқама берілді және алдағы 3 күнде болуы мүмкін симптомдар туралы түсіндірді. Қысқа-нұсқа, бәрі түсінікті жазылған. Біз еліміздің азаматы және патриоттары ретінде екпе алу үшін келдік. Қаншама оқушымен байланыста боламыз. Сондықтан олардың, өзіміздің және жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін вакцина салдыратын болдық. Бізді ешкім күштеп, мәжбүрлеп жатқан жоқ. Екпе салдыруға тағы 7 әріптесім бірге келді», – деді Айнұр Жансерікова.
Екпе салынатын адамға процедура өткізу алгоритмі көрсетілген «пациенттер маршруты» беріледі.
«Алдын ала жасалған тізім бойынша азаматтарды екпе салуға шақырамыз. Жалпы тексеруден өтеді, қажетті мәліметтер беріледі. Одан кейін пациенттің келісімі алынып, екпе салынады. Екпеден соң 30 минут біздің бақылауымызда болады. Егер ешқандай аллергиялық реакция байқалмаса үйіне жібереміз»,- деді «Шипагер» емханасының жалпы тәжірибе дәрігері Сандуғаш Зұлпұхарова.
Дәрігердің айтуынша, 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, ЖРВИ симптомдары бар, сонымен қатар соңғы 6 айда коронавируспен ауырған азаматтарға екпе салынбайды.
Екпе жасалғаннан кейін 3 күн бойы моншаға баруға, яғни екпе орнын сулауға болмайды. Спирттік ішімдік ішуге және ауыр жұмыс істеуге де тыйым салынған.
Естеріңізге салсақ, Қазақстанда вакцинация кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бірінші кезеңде, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны инфекциялық ауруханалардың дәрігерлері, жедел медициналық жәрдем станцияларының, жансақтау бөлімдерінің, ауруханалардың қабылдау бөлімдерінің, санэпидқызмет және басқа да бөлімдердің мамандары қабылдады. 1 наурыздан бастап вакцинацияның екінші кезеңінде полицейлер мен мұғалімдерге және медициналық ұйымдардың басқа да бөлімдерінің қызметкерлеріне екпе салынуда. Ал вакцинацияның үшінші кезеңінде созылмалы аурулары бар және басқа да санаттағы азаматтар қамтылады. Жыл соңына дейін Қазақстанда вакцина қабылдаған азаматтар санын 6 миллионға жеткізу көзделіп отыр.
