29 жел, 2021 сағат 14:31

Астанада медицина ұйымдары Жаңа жыл мерекесінде қалай жұмыс істейді?


Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов медицина ұйымдары Жаңа жыл мейрамында қалай жұмыс істейтіндігін айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарға медициналық ұйымдардың алдағы жаңажылдық мерекеде қалай жұмыс істейтінін хабарлағым келеді. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында мереке күндері халыққа медициналық көмекті кезекші дәрігерлер көрсетеді. МСАК ұйымдарында пациенттерді қабылдау 1-4 қаңтар және 7 қаңтар күндері сағат 8:00-ден 18:00-ге дейін жүзеге асырылады. Жалпы тәжірибе дәрігерлерінің кезекшілікте болатынын ескеремін. Осылайша мерекелерде белгілі бір сала мамандарының көмегіне жүгіну мүмкін болмайды», - деді басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ,ол сүзгі кабинеттер, амбулаториялық пациенттерге медициналық көмек көрсететін мобильді бригадалардың үздіксіз жұмысы, ПТР әдісімен тестілеу жалғасатынын айтты.

«Сүзгі кабинеттерде кезекшілік ететін дәрігерлер кесте бойынша таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Амбулаториялық пациенттерге қызмет көрсету сағат 8:00-ден 16:00-ге дейін жүргізіледі. Қала стационарлары жұмыс күндеріндегідей азаматтарды тәулік бойы қабылдайды. Әрине, мерекелік демалыс күндерін ескере отырып, барлық елордалық ауруханалар резервтегі бейінді палаталарды бөле отырып, шұғыл медициналық көмек көрсету үшін күшейтілген жұмыс режиміне көшеді», - деді Тимур Мұратов.