Астана әкімі Әсет Исекешев Қабанбай батыр даңғылын қайта жөндеу мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді. Қазіргі кезде бұл жағдай елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайсыздықтар келтіріп отыр. Кеңес қорытындысы бойынша автомобиль жолдары, көлік басқармалары, ІІД мен қалалық кәсіпорындардың арасындағы жұмыстың тиісті деңгейде үйлестірілмегені үшін Астана әкімдігінің бірқатар лауазымды тұлғалары тәртіптік жазаға тартылды, - хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовқа ескерту жасалды.
Әкім Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сымбат Мырзағұловты қызметінен босатуды, «Астана Теплотранзит» АҚ мен «Астана су арнасы» МКК басшыларына қатаң сөгіс, «Aстана LRT» ЖШС басшылығына сөгіс жариялауды тапсырды.
Астана қаласының ІІД мен Жергілікті полиция қызметіне тиісті учаскелерде қажетті жол белгілері мен көрсеткіштердің қойылмауы себепті туындаған кептелістер үшін жауапты тұлғаларды анықтап, жазаға тарту тапсырылды.
Қала әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхаметов барлық қызметтердің жұмысын жұмылдырып, Қабанбай батыр даңғылындағы қозғалысты бұрын жоспарланғандай 5 қазанда емес, 20 қыркүйекке дейін қамтамасыз етуге міндеттенді.
«Сізге барлық құзырет пен мүмкіндіктер берілді. Барлық жұмыстарды оқу жылы басталғанша аяқтауға мүмкіндік болды. Енді сіздердің келіспей әрекет етулеріңіздің салдарынан елорда тұрғындары, ата-аналар мен балалар мектептерге, балабақшаларға, ауруханаларға жете алмай отыр», - деді Әсет Исекешев.
Кеңес барысында жол салу жұмыстарын орындаудың жаңа тәсілдері, қоғамдық көлік мәселелері талқыланды. Елорда тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау басты назарда. Бұл ретте осы саладағы жүйелі жұмыстар үстіміздегі жылдың қыркүйек айының соңына дейін әзірленетін Астананы дамытудың жаңартылған бағдарламасында көрініс табады.