18 қаң, 2021 сағат 14:40

Астанада карантин кезінде қыз ұзатып, туған күн тойлағандар анықталды

Әкімдік, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы өкілдері мен полицейлерден құралған мобильді топ өткен тәулікте 139 кәсіпкерлік мекемені тексерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында карантин тәртібін бұзған 7 объекті анықталды. Оның ішінде дүкендер, кафе-барлар мен спа салон бар. 

Сондай-ақ Тұран көшесінде «Қыз ұзату» және 50 жас мерейтой тойланып жатқан. Екі мерекелік іс-шарада да қонақтар карантин ережесін және әлеуметтік қашықтықты сақтамаған. 

Мобильдік топ тексерген кезде ұзату тойға қатысушылардың бәрі ортада билеп жүрген және қонаққа келгендердің ішінде жас балалар мен қарияларға дейін болған. 

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материал ҚР ӘҚБтК 425-бабына сай әкімшілік жауапқа тарту үшін Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жіберілді.

Еске сала кетсек, 18 қаңтардан бастап қоғамдық тамақтану орындары (мейрамхана, кафе-бар және басқалары) әлеуметтік қашықтық пен санитария талаптарын сақтай отырып 7.00-20.00 аралығында жұмыс істейді. 

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті мекеме иелері мен келушілердің бейқамдығы вирустың таралуына себеп болып, адамдардың өміріне қауіп төндіретінін ескертеді.