Фото: Polisia.kz
Астанада интернет дүкен арқылы синтетикалық есірткі сатқан күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Елордалық полицейлер Астанада синтетикалық есірткіні өткізуге қатысы бар интернет дүкендерді жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Өкінішке орай, жастар арасында жаңадан шыққан синтетикалық есірткі мен психикалық белсенді заттарды қолдану сәнге айналып, кеңінен насихатталуда. Бұны есірткі делдалдары пайдаланып, интернет ресуртары арқылы тыйым салынған заттарды жаппай өткізіп жүр.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қабанбай батыр көшесінде тікелей байланыссыз интернет дүкен арқылы есірткі өткізген 19 жастағы астаналық жас жігітті анықтады" - делінген ІІМ баспасөз қызметі хабарламасында.
Өткізуші халық көп жиналатын орындарға, орталық саябаққа жасырып қойып кету арқылы есірткіні белгілі бір жерлерге қалдырып отырған.
Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жас жігіт қылмыс жасағанын мойындаған және интернет дүкеннің жұмыс жүйесі туралы, сондай-ақ ол жерден алатын заңсыз сыйақы туралы айтып берген.
"Жеке тінту барысында одан ішінде синтетикалық есірткісі бар 40 түйіншек табылып, тәркіленді. Алынған синтетикалық есірткінің (мефедрон) жалпы салмағы - 40 грамм немесе 150 рет қолданылатын доза.
Қылмыстық іс қозғалды. 19 жастағы елорда тұрғыны Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткіні өткізуге бірге қатысқандарды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.