Биыл қазан айында астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен дәстүрлі «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Зерде» холдингі, Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі «Қазақтелеком» АҚ, ERG және BTS Digital-мен бірге ұйымдастырып отыр.
«Зерде» ҰАХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Павел Коктышевтің айтуынша, форумда Қазақстандағы цифрлық экожүйенің өзекті мәселелері талқыланады.
«Digital Bridge» форумын өткізудегі басты мақсат – Қазақстанның инновациялық экожүйесі қатысушыларының арасында диалог алаңын құру, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдер арасындағы заманауи технопарктер тізбегін қалыптастыру.
Форум аясында өтетін басты шара - Next Tech Entrepreneur Forum стратегиялық сессиясы. Онда болашақтағы білім беру, венчур қаржыландыру, киберспорт, бизнес-инкубация, цифрлық медиа сияқты тақырыптар талқыланады. Әрі қатысушылар арасында B2B кездесулер өтеді.
Сондай-ақ форум аясында Қазақстанның ІТ-индустриясын дамытуға үлес қосқандар марапатталатын Astana Hub Awards салтанаты, технологиялық стартаптардың сайысы – Astana Hub Battle өтеді.
Бұдан бөлек, «Digital Bridge» форумы аясында Astana IT University және Alem бағдарламалау мектептері ресми түрде ашылады, «Digital ХҚО» сервистері көрсетіледі.