06 мау, 2018 сағат 15:10

Астанада дәрігерлер тағы бір баланың менингококк инфекциясын жұқтырғанын растады

6 маусымдағы жағдай бойынша Астананың балаларға арналған жұқпалы аурулар мекемесінде менингитпен екі бала жатыр. Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Сәуле Нұрашева айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Ауруханаға 29 мамырда түскен бірінші баланың жағдайы жақсы, бала анасымен, қажетті ем алып жатыр. Ал 4 маусымда түскен балаға диагноз қойылды: менингококк инфекциясы. Жағдайы тұрақты, ем алып жатыр", - деді дәрігер.

Еске сала кетейік, 4 маусымда Астанада екі жасар бала менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған болатын. "Ұл бала, 2 жыл 1 айлық, менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түсті. Сараптама нәтижелерін күтіп отырмыз. Денесінде бөртпелер жоқ, бірақ жансақтау бөлімінде жатыр", - деген еді дәрігер.

Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 13 адам менингококк инфекциясынан қайтыс болды.

Мұның алдында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк инфекциясына байланысты карантин жарияланбайтынын айтқан еді.