25 қыр, 2020 сағат 12:11

Астанада аралас мектептердің саны артып барады

Нұр-Сұлтанда кейінгі жылдары аралас және қазақ тілді мектептердің саны артып келе жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық білім басқармасы ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында елордада жалпы білім беретін 129 мектеп барын хабардар етті. Оның ішінде (94 мемлекеттік - қазақ тілінде оқытатын 32, орыс тілінде 6 және қазақ және орыс тілдерінде – 56), 31 жеке меншік, 4 республикалық (бір республикалық физика-математика мектебі және үш Назарбаев зияткерлік мектебі) мектеп бар.

Ведомство өз жауабында елордада кейінгі кезде қазақ, орыс және аралас мектептердің қайсысы артып, қайсысы кеміп бара жатқанын хабарлаған. 

Басқарманың мәліметінше, жаңа мектептерді ашу кезінде оның оқыту тілі сол мектеп маңындағы тұрғындардың талабын ескере отырып анықталады. Кейінгі жылдары ашылған мектептердің басым көпшілігі 2 тілде оқытады. Сондай-ақ қазақ тіліндегі білім ордалары да жиі ашылып жатыр.

«Биыл бірінші сыныпқа 21 007 бала қабылданды, оның ішінде қазақ сыныптарына - 10 806, орыс сыныптарына – 10 128», - деп хабарлайды басқармадан.