20 жел, 2017 сағат 12:30

Астанада алып сәби дүниеге келді

Елордалық № 3 перинаталдық орталықта салмағы 5 400 грамм қыз бала дүниеге келді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Дәрігерлердің айтуынша, ол Астанада соңғы 20 жылда осындай ауыр салмақта туған үшінші қыз бала. 

"Нәресте 13 желтоқсанда дүниеге келді, оның туғандағы салмағы 5 400 грамм болды. Босану еш қиындықсыз өткен. Босанғаннан кейінгі кезең де қалыпты болды. Сәби мен оның анасының жағдайы қалыпты күйінде үйіне шығарылды", — деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында №3 перинаталдық орталықтың босану бөлімінің меңгерушісі Эльмира Әлімжан. 

Ата-анасы екі ұлдан соң туған алып қыздың есімін Жаннұр деп қойыпты. 

Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы атап өткендей, бас қалада салмағы 5 584 грамм болған алғашқы алып қыз 2003 жылы №2 перинаталдық орталықта туған. Ал 2014 жылы дүниеге келген екінші алып қыздың салмағы 5 750 грамм болды. Сондай-ақ, осы жылы елордада ең ауыр салмақты ұл бала дүниеге келді. Оның туғандағы салмағы 5,5 кг көрсеткен.