Фото: Freepik
Астаналықтарды көлік бөлшектерін арзан бағада сатамын деп алдаған алаяқ анықталды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай қаласының 34 жастағы тұрғыны мобильді қосымша арқылы азаматтарды алдап келген. Ол сайтта көлік бөлшектерін сату туралы хабарландыру жариялаған.
"Сайтта көрсетілген бағалар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен болған. Күдікті сатып алушылармен хат алмасып, тауарға алдын ала төлем жасауды ұсынған. Төлемнің бағасы 20-150 мың теңге аралығында болған. Оған сенген азаматтар ақшасын бірнеше банк шотына аударған", - деп жазылған хабарламада.
Елордалық полицейлер жедел іздестіру шаралары барысында Қостанай қаласында бірқатар алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады. Тергеушілер оның тұрғылықты жерінен ноутбук, жеті телефон мен сим-карта тәркіледі. Бүгінге дейін полицияға алданып қалған 4 азамат хабарласқан, бірақ зардап шеккендер саны 30-ға жуық болуы мүмкін.
Оның бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, күдікті полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.