24 жел, 2020 сағат 13:21

Астанада 33 жаңажылдық шырша орнатылды

Жаңа жылға орай Нұр-Сұлтан қаласының әр жерінде 33 жаңажылдық шырша орнатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

22 желтоқсанда елордада барлық шыршалардың шамын жағу шарасы өткен болатын. 

Шыршалардың бірі ЭКСПО қалашығының аумағында орналасқан, биіктігі – 25 метр. Жасанды шырша 1200 шар, қардың 250 шағын және 20 композициялық формасымен түрлі-түсті етіп безендірілген.

«Шырша керемет, өте әдемі жарықтандырылған. Мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Өте ұнады. Отандастарымызды мерекемен құттықтаймыз, келе жатқан 2021 жыл барлығына сәттілік, жақсылық, бақыт пен денсаулық әкелсін», - дейді елорда тұрғындары.

Сондай-ақ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халық көп шоғырланған жерлерде карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

«Жаңа жыл қарсаңында елорда тұрғындары үшін видеоқұттықтаулар ұйымдастырылады. Роликтерге танымал адамдар, қазақстандық эстрада жұлдыздары, актерлер және тағы басқалары қатысады», - деді қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Еске салайық, жақында Нұр-Сұлтанда қолдан тоқылған биіктігі 6 метр шырша пайда болады. Қазір мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер жұмыс жасауда.

«Сондай-ақ «Үйдегі шыршаны безендіру» флешмобы аясында әркім өзінің телефонына видео немесе фото түсіріп, Нұр-Сұлтан әкімдігінің парақшасын белгілей отырып әлеуметтік желілерде #Мейірімдіболуәдет, #Добротаобразжизни, #Моднобытьдобрым хэштегімен жариялай алады», - деді елорда әкімдігінен.