06 қаз, 2025 сағат 16:04

Астанада 2,6 млрд теңге жымқырған құрылыс компаниясының басшысы 7 жылға сотталды

Фото: ашық дереккөз

Астанада көппәтерлі тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджет қаржысын талан-таражға салған «Дорстройтрест» ЖШС басшысына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен «Дорстройтрест» ЖШС арасында жасалған келісім аясында мердігерге 2,6 млрд теңге аванс аударылғаны анықталды.

Алайда құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілмей, мерзімінде аяқталмаған. Ал бөлінген қаражаттың бір бөлігі өзге қарыздарды өтеуге және автокөлік сатып алуға жұмсалған. Бұдан бөлек, 650 млн теңге жалған келісімдер арқылы аффилирленген компанияларға аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сот шешімімен компания басшысы Нурабаев кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жалпы құны 131 млн теңгеге бағаланған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Айта кетейік, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеуде.