28 там, 2025 сағат 12:10

Астанада 1 млрд теңгеден астам қаржылық алаяқтық жасағандар сотталды

Фото: ашық дереккөз

Астанада бірнеше жыл бойы мемлекеттік бағдарлама атын жамылып, тұрғындарды алдаған екі адамға үкім шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Олар кеңсе жалдап, жұмыс істеп тұрған ЖШС-лардың деректемелерін пайдалану арқылы азаматтарға «жеңілдетілген шарттармен» Астана мен Алматыдағы элиталы тұрғын үй алып беруді, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама бойынша несие рәсімдеуді уәде еткен. Жалған келісімшарттар арқылы 150 адамнан 1 млрд теңгеден астам қаржы жинаған.

Сот олардың кәмелет жасқа толмаған балалары барын және шығынды жартылай өтегенін ескеріп, әрқайсысына 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, 5 жылға дейін материалдық жауапты және басшылық қызметтер атқару құқығынан айырылды.

Келтірілген шығын сотталғандардан өндіріледі. Үкім заңды күшіне енді.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарға несие рәсімдеу немесе тұрғын үй алу кезінде құжаттары жоқ делдалдарға сенбеуге кеңес береді.