30 мау, 2021 сағат 10:40

Астана волонтерлері 10 мың масканы тегін таратты


Нұр-Сұлтан қаласының волонтерлері көшеде медициналық маскаларды тегін таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«COVID-19 вирусы елорда аумағын ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларына да таралды. Қазір жаппай вакцинация жүргізіліп жатыр. Бірақ сақтық шарасын қатаң сақтауымыз керек. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, елордалық Жастар саясаты басқармасы, «Астана жастары» КММ белсенді еріктілермен бірге ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай саябақтар мен гүлзарларда серуендеп жүрген жандарға 10 мыңнан астам бетперде тарату, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау қажеттігін түсіндіру үшін шықты. Акция мұнымен аяқталмайды, енді 30 мың маскаға дейін таратуды жоспарлап отырмыз. Біз үшін жұрттың қауіпсіздігі өте маңызды», - деді «Астана жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаев.

Санитарлық талаптарды сақтамаған тұрғындар өз өміріне ғана емес, өзгелерге де қауіп төндіреді. Ұйымдастырушылар қауіпсіздік шараларын ұстану бойынша да түсіндіру жұмыстарын жүргізді.