28 ақп, 2018 сағат 11:29

Астана тұрғындары Әсет Исекешевтің кетуін талап етті (видео)

Бүгін Астана әкімі Әсет Исекешевтің есеп беру жиынына келген астаналық үлескерлер әкім мен оның орынбасарының отставкаға кетуін талап етіп, жиынның шырқын бұзды деп жазады NUR.KZ.

Елорда əкімінің кездесуінде астаналық бір топ тұрғын əкімнің отставкаға кетуін талап етті.

Олар сұрақ-жауап бөлімінде залда шу шығарып, тіпті, шаһар атқамінерлерінің басу сөздеріне құлақ аспады.

"Жыл сайын осы, қашанғы шыдаймыз? Үлескерлер мəселесі қашан шешіледі? Қазір тағы сотқа жүгініңіздер деп шығарып салады, олар түк шешпейді", – деп айғайға басты залдағы бір топ тұрғын. Олар тіпті зал балконында "Исекешов отставкаға кетсін!" деген плакат алып шығып, бүлік салды.

Ал қала əкімі болса тұрғындарды сабырға шақырып, "барлық сауалдарға кезекпен жауап береміз" деді. Сондай-ақ, ол залда шу шығарып, айғайға басқан "Азбука жилья" құрылыс компаниясының үлескерлеріне жеке жауап берді.

"Сіздер əдейі осы кездесуге ұйымдасқан түрде келгендеріңізді білемін. Бірақ халықты сыйлаңыздар, бұлай бүлік шығарып, кездесудің шырқын бұзбаңыздар!", – деді қала əкімі. Атқамінерлердің басу сөзін құлаққа ілмеген үлескерлер ақыры залдан қуылып тынды.

Балконнан шу шығарған оларға шенділер "залдан шығарылсын, олай кедергі келтірмесін" деді. Кездесуге келген тұрғындар да тəртіп сақтамаған үлескерледі сабырға шақырды.

"Айналайын қарындас, өзің анасың, мəдениет қайда? Астананың халқы осындай болса, жетіскен екенбіз? Ұят қайда? Тым құрығанда мен сияқты ақсақалдардың жасын сыйла", – деп басу айтты кездесуге қатысқан тұрғындардың бірі.