02 там, 2019 сағат 17:00

Астана процесінің кезекті мәлімдемесі көңілден шықты - Башар Джафари

Астана процесінің 13-кездесуінің қорытынды мәлімдемесі Сирияның қазіргі жай-күйін анық көрсетті. Бұл пікірді Сирия үкіметі делегациясының басшысы Башар Джафари айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Кездесу қорытындысы бойынша жарияланған мәлімдеме саяси мазмұны жағынан көңілімізден шықты. Ол Сирияның қазіргі жай-күйін әділ әрі анық көрсетіп отыр. Сирияның үкіметтік делегациясы Қазақстан астанасына 13-ші рет келгеніне қуанышты», - деді Башар Джафари елордада Астана процесінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, сириялық делегация жетекшісі Қазақстанға өздеріне көрсетілген қонақжайлық пен келіссөздер алаңын ұсынғаны үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, елордада Сириядағы дағдарысты реттеу бойынша Астана процесінің 13-ші халықаралық кездесуі өтті. Астана процесі 2017 жылдан бері Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

Бұған дейін Астана процесінің кепіл мемлекеттері Сирияға гуманитарлық көмекті арттыру және босқындардың қайта оралуына жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Сирия мәселелері бойынша келесі кездесу 2019 жылдың қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.