- Астана процесіне 15-ке жуық сириялық оппозиция қатысады. Бұл туралы бүгін «Қазмедиа» орталығында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Делегация басшыларына қатысты айтар болсам, Сирияның үкіметтік делегациясын БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар аль-Джафари басқарады. Сириялық оппозиция делегациясында шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі бар. Астана келіссөздерінің кепілгер елдері де жоғары деңгейде келіп отыр. Ресей делегациясына РФ Президентінің сириялық реттеу мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Александр Лаврентьев басшылық жасайды. Түрік және иран делегацияларының басшылары аталған мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары - Седат Онал мен Садек Хусейн Джабери Ансари», - деді Василенко.
СІМ орынбасарының айтуынша, сириялық дағдарысты реттеу процесі үшін Астана келіссөздерінің маңызды екендігін БҰҰ бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистураның қатысуы да білдіреді. Ал АҚШ делегациясын осы елдің Қазақстандағы Елшісі Джорд Крол басқарады.
«АҚШ атынан неліктен Елші қатысуда? Меніңше, бұл фактіден қандай да бір теріс жайт қарастырудың қажеті жоқ. Қаңтар айының басында ендігі уақытты АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысына айналған Джон Керри АҚШ-тың Астана келіссөздерін қолдайтындығын мәлімдеген болатын. Бұған қоса, Ресей, Түркия және Иранға қарағанда АҚШ бұл келіссөздердің бастамашысы болып саналмайтындығын да ескеру қажет. Сондықтан да осы фактіге орай америкалық делегация деңгейі қалыптасып отыр. Дегенмен, Елші Крол сынды тәжірибелі дипломаттың біліктілігіне ешкім де күмән келтіре алмас деп ойлаймын», - деді ол.