24 қаң, 2017 сағат 12:18

Астана процесі: Қорытынды құжат соғысты тоқтату режімін бекітеді

- Сириялық реттеу жөніндегі халықаралық кездесудің (Астана процесі) қорытындысына арналған үшжақты негізгі құжаттың мазмұны бойынша кепілгер елдер ортақ түсіністікке қол жеткізуде. 

Бұл жайында ҚазАқпарат келіссөздерді ұйымдастыруға қатысы бар сенімді дереккөзге сілтеме жасап хабарлайды.

«Кепілгер елдер астанадағы кездесудің қорытындысы бойынша негізгі үшжақты құжаттың мазмұны туралы түсіністікке қол жеткізуде. Басты назарда соғысты тоқтату режімін бекіту. Келіссөздер процесіне Сирия Үкіметі мен оппозициясының өкілдері белсенді араласуда. Толықтай алғанда ахуал - конструктивті», - деп атап өтті ол.

Елордадағы «Риксос» қонақ үйінде өтіп жатқан Сирия жанжалын реттеу жөніндегі халықаралық кездесуге Сирияның үкіметтік делегациясынан БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар аль-Джафари, шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі, РФ Президентінің сириялық реттеу мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия  Сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Садек Хусейн Джабери Ансари, БҰҰ бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура мен Қазақстандағы АҚШ Елшісі Джорд Крол қатысуда.

Айта кетейік, келіссөзге қатысушы тараптар сағат 14.00-де Астана процесінің нәтижелерін жария ету үшін қорытынды баспасөз мәслихатына шығады деп күтілуде. Келіссөздерге қатысушыларды қабылдаушы тарап барлық делегация өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізетін арнайы зал дайындап қойған. ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілі БАҚ алдына кімнің шығатындығын дөп басып айта алар емес. Дегенмен, БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы елшісі Стаффан де Мистураның журналистерге брифинг өткізу мүмкіншілігі жоғары болып тұр.