Қазақстан ОПЕК-пен мұнай өндіру көлемін азайту, немесе арттырмауға қатысты келіссөз жүргізіп жатыр. Ресей мұнай картелімен өндіріс көлемін азайтуға қатысты келісуге дайын екенін білдірді. Ресей энергетика министрі Александр Новак Мәскеудің ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін шектей тұру ұсынысын қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Қазақстан энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астана келіссөзді жалғастырып жатқанын айтты.
Александр Новак ОПЕК ұйымның 30 қарашада Венада өтетін формалды отырысына дейін мұнай өндірісі көлемін шектей тұруға келісе алады деген үмітте екенін білдірді. "Нарықта мұндай жетістікке қол жеткізу - оң белгі және ұйымға кірмейтін елдер, оның ішінде Ресей нарықтағы іс-қимыл туралы шешімді бірге қабылдауға қатысады. Меніңше, келісімге келуге мүмкіндік мол. ОПЕК-тің өз ішіндегі жағдай биыл сәуірде Дохада болған келіспеушілікпен салыстырғанда әлдеқайда тәуір" деген Новак ТАСС агенттігіне.
ТАСС-тың хабарлауынша, Қанат Бозымбаев Астана ОПЕК-пен келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан. Ол Қазақстан биылдың өзінде өндіріс көлемін айтарлықтай азайтқанын жеткізген. "Қазақстан биылдың өзінде өндіріс көлемін кәдімгідей азайтты. Өткен жылы біз 80 миллион тонна өндіргенбіз, биыл бұл көрсеткіш 76,5 миллион тоннаны құрайды" деді Бозымбаев.
Қазақстан энергетика министрі Қазақстанның ең ірі кен орны - Қашағаннан өндіріс көлемінің жалпы түрде азайғанына қарамастан қосымша мұнай беретінін хабарлады. Ол "кенішке 50 миллиард доллардан астам қаржы салған халықаралық инвесторлар алдында алған міндеттемесі болғандықтан Қашағаннан мұнай өндіру тоқтамайтынын айтты. Бозымбаевтың сөзінше, Қашағаннан мұнай өндіру көлемі бірден емес, біртіндеп артады.