Фото: ашық дереккөз
Астана қаласы бойынша ҚМА департаменті «№81 Astana English School халықаралық мектебінің» бұрынғы директор мен бас бухгалтеріне қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу барысында күдіктілердің 900 млн теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденгені анықталды. Бұл қаражаттың бір бөлігі – ата-аналардан дайындық сыныптарына оқыту және жазғы лагерьге қатысу үшін алынған қолма-қол ақша. Алайда бұл қаражат мекеме шоттарына аударылмай, жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
Сонымен қатар, 16 млн теңгеге жуық қаражат мекемеде жұмыс істемеген жалған қызметкерлердің атына аударылған. Жалған құжаттар арқылы рәсімделгендер арасында күдіктілердің туыстары да бар.
Ұрланған қаржы арқылы күдіктілер жалпы құны 382 млн теңге болатын мүліктерді – коттедж, екі пәтер және автокөлік сатып алған. Сот шешімімен бұл мүліктерге тыйым салынды.
Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жалғасуда, бірақ ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу деректері құпия сақталады.
