07 жел, 2017 сағат 18:09

Астана хабы тұғырнамасында электронды үкімет бойынша практиктер Альянсы құрылады

 

Астана мемлекеттік қызмет хабы мен Almaty Management University бірлесе отырып, Эстония электронды басқару Академиясы қолдауымен «Электронды үкіметті дамыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалар» атты семинар өткізді. Семинар Қазақстанның әр аймағынан келген әкімшілік өкілдерін, мемлекеттік басқару саласындағы, оның ішінде Хаб елдері сарапшыларының басын қосты.

Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов, Almaty Management University ректоры Гульмира Қурганбаева және Эстония электронды басқару Академиясы директоры орынбасары Ханнес Асток қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.

Хабтың басқару комитет төрағасы Алихан Байменов: «Әріптестік пен өзара тиімді халықаралық ынтымақтастық - кез-келген реформаның табыстылығы мен тұрақтылығының шешуші факторларының бірі. Хаб құрылғаннан бері қатысушы-елдер арасында ерікті әрі ашық білім мен тәжірибе алмасу ісін алға ілгерлетуде», - деді.

AlmaU ректоры Гульмира Курганбаева «тиімді әрі ашық басқарудың құралы - электронды үкіметті дамытуға қатысу ең алдымен, кәсіпкерлік университет ретінде Almaty Management University үшін маңызды. Мемлекеттік басқарудың мұндай жүйесін тек бизнес секторы, жоғары оқу орындары және қоғаммен ынтымақтаса отырып құруға болады. Практиктер Альянсы - әлемнің әр түрлі елдерінде электронды үкімет жүйесін жасауда маңызды тәсіл», - деді AlmaU ректоры.

Семинар барысында Хабтың қатысушы-елдері – Эстония, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Армения және Әзірбайжанның электронды үкімет бойынша тәжірибесі  таныстырылды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерінің 99 пайызы электронды форматта беріліп, ортақ мәліметтер қорына жинақталған, сол арқылы азаматтардың үкіметке деген сенімін арттыра білген Эстонияның табысты тәжірибесі жайлы Ханнес Асток баяндады. Жүйенің икемділігі, сарапшының айтуынша, ашықтық пен қол жетімділікті қамтамасыз етеді, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктер беріп, әкімшілік шығындарды азайтады.

Семинар қатысушылары, сонымен бірге, электронды үкіметті дамыту перспективаларын және осы бағытта Орталық Азия мен Кавказ елдерінде зерттеулер жасау мәселелерін талқылады.

Семинар барысында электронды үкіметті дамыту бойынша практиктер Альянсын құру механизмдері қарастырылды. «Тең теңімен» қағидаты бойынша жұмыс істейтін практиктер Альянсы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) негізіндегі 60-тан астам мемлекетті жұмылдыратын Тиімді институттар тұғырнамасы (EIP) тәсілімен құрылады.

Бұған дейін Хаб тұғырнамасында қатсушы-елдер практиктерінің халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бойынша Альянсы құрылған. Соны нәтижесінде Хаб Грузия, Әзірбайжан, Қазақстанның тәжірибелерін көрсететін сараптамалық материалдар – кейс-стадилер даярланған.

Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы - аймақтағы мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе мен білім алмасудың институционалды алаңы. Қазіргі таңда Хабтың қатысушы-елдері қатарында 38 мемлекет, оның ішінде Америка, ЕО, ТМД, Кавказ және AСEAН елдері бар.