06 нау, 2017 сағат 09:16

Астана қаласының атауы өзгертілмейтін болды

Конституцияға Астана қаласының атауын өзгертуге қатысты түзету енгізілмеді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Бізге Астананың атауын  өзгерту туралы депутаттар тарабынан жазбаша өтініш түскен жоқ ", - деді Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін Мəжіліс депутаты Нұрлан Əбдіров. 

Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы екінші оқылымда қабылданды. 

Еске салсақ, аталмыш заң жобасының бірінші оқылымы барысында депутаттар еліміздің бас қаласы Астананы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне атау туралы ұсынысты қайта көтерді.

"Мен 2008 жылы Астана халықаралық әуежайын Тұңғыш Президент - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне атауды ұсынған болатынмын. Аталмыш ұсыныс қоғам арасында қызу талқыланды және сол кезде едәуір қолдауға ие болды. Сондықтан Тұңғыш Президент есімін елорда атауында және еліміздің өзге де нысандарында көрініс табуы туралы ұсыныстар дер уақытында айтылып отыр және бүгінде өте өзекті", - деген болатын Дархан Кәлетаев Әріптесінің бұл ұсынысын депутат Павел Казанцев та қолдады. Елорданың атауын өзгерту туралы ұсыныс алғаш рет 2016 жылдың қарашасында жасалды. Бірақ Мемлекет басшысы оған өзінің қарсылығын жеткізген болатын.