04 қыр, 2017 сағат 10:34

"Астана ЭКСПО-2017" көрмесіне үлес қосқан "Ұлы Дала автокеруені"

Үстіміздегі жылдың 29 тамызы мен 3 қыркүйек аралығында «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын кеңінен насихаттау мақсатында «Айғақ» телеарнасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен еліміздің бас қаласына «Ұлы дала автокеруенін» ұйымдастырып жолға шыққан еді. Жоба жетекшісі және делегация басшысы - ОҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ОҚО мәслихатының депутаты Дулат Әбіш.

«Туған жер» бағдарламасы ел мен жердің ертеңін ойлаған арналы толғаныстардың бірі. Елбасы өз сөзінде «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген болатын. Осыған байланысты, туған жердің кереметтерін көрерменге кеңінен насихаттап, «Туған жер – құтты мекенім» және «Ғажайып Қазақстан» жобалары бойынша «Айғақ» телеарнасының үздіксіз атқарып келе жатқан жұмыстары ел назарында.

Айта кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне жолға шыққан Қоғамдық делегация құрамында Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Молдабай Ильясов, Қазығұрт аудандық Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Мұхтар Момынов, Қазақстанның мәдениет қайраткері Нышан Төлегенов, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Рымкүл Ертаева, «Нұр Отан» Партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Бостандық Жакей, Арыс қаласының Құрметті азаматы, Қоғамдық Кеңестің мүшесі, "Ырыс алды-ынтымақ" ұйымының аудандағы төрағасы Балқыбеков Қонысбек және аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, мектеп директорлары мен белсенді жастар, телеарнаның шығармашылық тобынан құралған 30 – дан астам адам бар.

1 қыркүйек күні Құрбан айт намазынан кейін Шымкент қаласындағы Тәуелсіздік саябағынан жолға шығатын делегацияны салтанатты шығарып салу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, ОҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Төлеген, аудандық әкімдіктердің бөлім басшылары қатысып, ақжол тіледі.

Мұнан кейін 6 автокөлікке отырған азаматтар Шымкент көшелерімен жүріп отырып, шаһардың негізгі қақпаларының бірі саналатын Бозарық айналма жолы арқылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізімен сапарға шықты.

Киелі және тарихи маңызы бар жерлерге аялдап, ұлы тұлғаларға тағзым етуді мақсат тұтқан автокеруен мұнан кейін Ордабасы ауданы Темірлан ауылына аялдады. Онда қара күштің иесі Қажымұқан атындағы мұражайы мен кесенесіне бас сұғып, баба рухына құран бағыштады. Аудан әкімі Р.Қайыпжанов бұл шараның танымдық, тәрбиелік мән-маңызы терең екенін тілге тиек етіп, жолаушыларға сәт сапар тіледі.

"Ұлы дала автокеруені" Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізі арқылы жүріп отырып, 60 шақырымды еңсеріп, тарихи ескерткіш Қызылкөпірге аялдады. Астана төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне арнайы бара жатқан қоғамдық делегацияны ауыл азаматтары құшақ жая қарсы алып, сәт-сапар тілеп, қазыналы қариялар ақ батасын берді.

"Сабақты ине сәтімен". Бұл сапар мұсылман жұртының ұлық мерекесі Құрбан Айтпен тұспа -тұс келгендіктен, құрбандық шалып, ата-баба әруағына құран аяттарын түсірді. Мұнан кейінгі сапар киелі Отырар жеріндегі Арыстан баб кесенесі басында жалғасады.

«Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі мен Елбасының «Туған жер – құтты мекенім!» жобасы аясындағы «Ұлы дала автокеруені" Отырар ауданына да аялдады. Еліміздегі киелі жерлерінің бірі Арыстан баб кесенесі - Алаш жұртының зиярат ететін қасиетті мекені. Сондықтан, Киелі мекендегі Арыстан баб кесенесіне арнайы барған автокеруен мүшелері кесене жанындағы емдік қасиеті бар құдықтан су ішіп, баба рухына құран бағыштады.

Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи кесенесі "Ұлы дала автокеруені аялдаған келесі орын болды. Ордабасы, Бәйдібек, Отырар аудандарына аялдап, киелі шаһарға табан тіреген қоғамдық делегация мүшелері тарихи орынды аралап көріп, ұлыларға тағзым етті. Автокеруеннің алдағы бағыты Қызылорда облысы болды.

ОҚО-ғы бірқатар тарихи орындарға табан тіреп, ата-баба рухына құраш бағыштаған делегация мүшелері 2-қыркүйек күні түнгі сағат 1.00-де Жезқазған қаласына аялады. Жалпы 880 шақырымды басып өткен автокеруен сапары әрмен қарай Қарағанды қаласында жалғасады.

Қыркүйектің 3-күні, яғни жексенбі күні 2000-мыңға жуық шақырым жолды жүріп өткен "Ұлы дала автокеруені" Астанаға келіп жетті.

Бұл күн "Астана ЭКСПО-2017" Халықаралық көрмесінде 6 күнге жалғасқан Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің жабылуы рәсімі өтіп жатқан-ды. Осылайша елдік шараға үн қосуға арнайы келген делегация мүшелері қазыналы аймақтағы барша тұрғындардың ыстық сәлемін астаналықтарға жеткізді. Ал, халықаралық көрмеде бір аптаға жуық өз өнерлерін паш етіп жатқан оңтүстік өнерпаздары делегация мүшелерін құшақ жая қарсы алды.

"ЭКСПО-2017" Халықаралық көрмесіне кірген бойда алғашқы танысу нысаны Қазақстанның "Нұр әлем" павильоны болды. Ондағы озық технологиялар мен заманауи құрылғылар келушілерді таң тамаша етті.

Мұнан кейін, автокеруен мүшелері Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері аясында «Этноауылда» ұйымдастырылған шаралар мен «Қазанат» атшабарында ұлттық ат спорты түрлерінен ұйымдастырылған жарысты тамашалады. Атшабарға жиналған қауым аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және ат үстінде жігіттердің өнерін көрді.

Бұдан бөлек, жасөспірімдер мен жастар арасында асық атудан, жастар және ересектер арасында тоғызқұмалақтан, көрермендар арасында салмағы 35 келі болатын қошқар көтеру сайыстары өтті. Қошқарды иығына салып 28 көтерген Бердіқұл Əлфарабиға тең келер ешкім болмады. Теңге алудан Мағжан Сапарбеков жүлдегер атанды.

Жарыс қорытындысына сай жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтарды "Нұр Отан" Партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов пен ОҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ОҚО мәслихатының депутаты Дулат Әбіштер марапаттады.

4-қыркүйек күні Астана қаласынан Шымкентке қарай жолға шыққан «Ұлы дала автокеруені» алда Қарағанды облысына аялдап, аймақтағы тарихи, киелі орындарға аялдап, Жезқазған қаласы әкімінің қабылдауында болып,Ұлытау жеріндегі Жошы хан, Алаша хан кесенелерінде түсірілім жасауды жоспарлауда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі