10 ақп, 2023 сағат 12:56

Астана банктерінде "7-20-25" бағдарламасына байланысты кезек пайда болды

Фото: Tengrinews.kz

Қазақстандықтар "7-20-25" бағдарламасы бойынша жаңа өтінімдерді қабылдау басталуына байланысты екінші деңгейлі банктер алдында кезекке жиналып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Астанада жұрт аязға қарамастан таңнан бері "Банк ЦентрКредит" филиалының алдында кезекте тұр. Мұнда түнде келіп, банктің ашылуын күтіп тұрған адам бар екені белгілі болды.

"Бүгін "7-20-25" бойынша өтініштерді қабылдай бастады. Бізге түнде банк менеджері қоңырау шалды, өйткені онымен байланыстамыз, ипотека алғымыз келеді. Аз ақша бөлді, түске дейін таусылатыны айтылды. Таңғы тоғызда Қабанбай батыр даңғылы бойындағы банк бөлімшесі маңында 60-қа жуық адам кезекке тұрды", - дейді Астана қаласының тұрғыны Мәдина Оспан.

Фото: Tengrinews.kz

Дәл осындай жағдай Астананың басқа аудандарында да байқалады. Жұрт таңертең ерте банк бөлімшелеріне келген.

"Менің алдымда 58 адам тұр. Үлгермейтін шығармыз деді. Мен 08:40-та келдім, біреулер түнде келген. Қазақстан бойынша небәрі 200 өтініш қабылданады. Ал талондар берілді. Осы бөлімнің директоры ма әлде бастығы ма шығып, талонсыз қабылдамаймыз деді", - деді келушілердің бірі.

Фото: Tengrinews.kz

"Банк ЦентрКредит" АҚ баспасөз қызметі 10 ақпанда банк бағдарлама операторы бөлген лимит аясында "7-20-25" бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды бастағанын хабарлады. Ресми деректерге сәйкес, барлық мақұлданған өтінімдер бойынша несиелер мүмкіндігінше қысқа мерзімде беріледі.

"Бөлінген лимит таусылғаннан кейін банк өтінімдерді қабылдауды тоқтатуға мәжбүр, өйткені бұл бағдарлама бойынша белгіленген лимиттен асатын өтінімдерді қабылдауға құқығы жоқ.

"7-20-25" бағдарламасына қатысушы банктердің көпшілігі өтініш қабылдауды қайта бастамағандықтан, "ЦентрКредит Банкінің", негізінен, Астана қаласындағы бөлімшелерінде кезектерді байқап отырмыз", - деді банктің баспасөз қызметі өкілдері.