05 мам, 2017 сағат 08:31

Астана әкімі қалалықтарды күліп жүруге шақырды

Елордалық жастар елорда әкімінің «Smile Astana – Ақжарқын Астана – Астана – город добрых и улыбчивых людей» жобасын жүзеге асыруда. Smile Astana жобасы елорданың бақытты тұрғынының бейнесін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Smile Astana жобасын қолға алып, Астана тұрғындары үшін ережелер жинағын құруды ұсынамын. Бір-бірімізге, айналадағыларға күле қарап, қарияларға көмектесейік, кезекте тұрғанда қарт адамдарды, жүкті әйелдерді алға өткізіп, сыпайы болайық», – деп үндеді қала басшысы.

Әкімнің бұл ойын қаланың жастар бірлестіктері мен ұйымдары қолдап, Smile Astana жобасын іске асыруға тұжырымдамалық негізде кірісті. Нәтижесінде елорданың бақытты тұрғынының бейнесін қалыптастыруға бағытталған жаңа мәдени тренд пайда болды. Жоба шеңберінде түрлі акциялар, жастардың флешмобтары және көңілді байқаулар қарастырылғар. Сондай-ақ, қалада ең жарқын жүзді адам/әдемі күлкі байқауы жарияланады.

Бұған қоса, қала көшелерінде, қоғамдық орындарда және қалалық көліктерде жастар ұйымдарының өкілдері елорда тұрғындары мен қонақтарына смайлдар таратады, көшеде алып қуыршақтар өнер көрсетеді. Ал әлеуметтік желілерде #smileastana, #ақжарқынастана хештегтерімен посттар құрылады.

Сауда-ойын-сауық орталықтарында, қызмет көрсету мен сервис саласында, сондай-ақ, өндіріс секторында миллиондаған қала тұрғынының назарын аударатын брендтер пайда болады. Сонымен бірге, қала көшелерінде қала тұрғындарының көңілін көтеретін смайлдары бар тизерлер мен билбордтар пайда болады.

Жобаның негізіне әлемдік тәжірибенің трендтері негізге алынып, ЭКСПО халықаралық көрмесі қарсаңында елорда тұрғындарын жақсы көңіл күйге келтіру мақсаты қойылып отыр.

Астана маңызды шара – ЭКСПО-2017 көрмесін қабылдауға дайындалуда. Елордаға шетелден мыңдаған қонақ келеді, олардың ішінде әлеуетті туристер, инвесторлар және еліміздің шет мемлекеттердегі болашақ бренд-амбассадорлары болады. Сол себепті дәл қазір елорда тұрғынының рухы мен бейнесін қалыптастыру үшін тиімді уақыт және бұған әрбір елордалық үлес қоса алады, деп санайды әкім.

Жобаның авторлары қала тұрғындарын акцияны қолдауға шақырады. Smail Astana бейнелерін төменде жүктеп алуға болады.