Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Достық жебе» атты дәстүрлі садақ атудан турнир өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Бақ сынаушылар тек дәстүрлі ұлттық киімде ғана қатысқан турнирді Нұр-Сұлтан қаласының «Жерұйық» саябағында «Ақбузат» башқұрт этномәдени бірлестігі «SADAQ ATY» республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы» РҚБ филиалымен бірлесіп ұйымдастырды.
«Бұл шараны біз дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырып тұрамыз. Биылғы шарамыз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Шараға ерлер, әйелдер және жаңадан үйренушілер болып топ-топқа бөлініп, іріктелді. Әрине, жаңадан келгендерге іс-шараны ұйымдастырушылар алдымен шеберлік сыныптарын өткізді. Қатысушылар «Жаңадан бастаушылар» категориясында өнер көрсетті. Бұл бір ой саларлық әрі сергітетін шара болды деп сенеміз», - деді «Ақбузат» башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі.
Айта кетейік, садақ атушы үміткерлер арасына дүнген, башқұрт және күрд орталықтарының өкілдері қосылды. Сондай-ақ Қарағандыдан тәжірибелі 30 мерген қатысты. Мергендердің жалпы саны 80 адамды құрады.
«Мен өзімді мерген санайтыным рас. Бүгін сол мергендігімді тағы бір сынақтан өткіздім. Нәтижесінде бүгінгі турнирде ерлер арасында жүлделі бірінші орын иелендім. Садақ ата алу, қолына қару ұстай алу әрбір ер азаматтың парызы әрі міндеті деп білемін. Өйткені, отбасымызды да, отанымызды да қорғайтын біз ерлер», - деді ерлер арасында бірінші орын алған Азамат Нуртаев.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері арасында жыл сайын турнир өткізу жоспарланып отыр. Жеңімпаздарға дипломдар мен медальдар табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Достық жебе» атты дәстүрлі садақ атудан турнир өтті. Бақ сынаушылар тек дәстүрлі ұлттық киімде ғана қатысқан турнирді Нұр-Сұлтан қаласының «Жерұйық» саябағында «Ақбузат» башқұрт этномәдени бірлестігі «SADAQ ATY» республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы» РҚБ филиалымен бірлесіп ұйымдастырды.