25 қыр, 2020 сағат 11:30

Ассамблеяға – 25 жыл: ҚХА өкілдері марапатталды

Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне зор үлес қосқан ҚХА өкілдеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына - 25 жыл» мерекелік медальдарын тапсыру рәсімі өтті. Марапаттау рәсіміне қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Рахманберді қатысты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Марапат иелеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне қосқан ерекше үлесі үшін алғыс айтқан Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Рахманберді  этносаралық келісім туралы ойымен де бөлісті.

«Уақыт талабына қарамастан, сіздер этносаралық келісімді нығайту бойынша өз жұмыстарыңызды онлайн-режимде атқарғандарыңызды білеміз. Өз игі істеріңізбен сіздер ұлтқа, жасқа және қызмет түріне қарамастан, қиын сәтте біртұтас халық ретінде әрекет ете білдіңіздер», - деп атап өтті Талғат  Рахманберді.

Талғат Рахманберді қала Ассамблеясы қызметінің басты бағыттарының бірі қайырымдылықты дамыту екенін атап өтті. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында елордалық Ассамблея жалпы сомасы 36 млн теңгеге 70 шара ұйымдастырғанын еске сала кетейік. Карантинге қарамастан, елордалық Ассамблея қоғам қайраткерлері мен шетелдік өкілдердің қатысуымен 93 іс-шара, оның 70-і онлайн-режимде өтті.

Сонымен қатар, дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовты және «Shugylakitap» баспа үйінің директоры Людмила Кирилинскаяны Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттады.

Жансейіт Қансейітұлы марапатталушыларды құттықтай келе, Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге қоғам бірлігі, ұлттар татулығы мәселелерінде бірлесіп жұмыс атқарғандарына ризалық білдірді.

«Біз бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық медалімен марапатталып жатқанымызға шекісіз ризамыз. Жансейіт Қансейітұлының бастамасымен, әлі талай игі шараларды бірге атқарарымызға сенемін. Біздің Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде түрлі ұлт өкілдері білім алып, мамандық иелері атануға талпынып жүр. Біз үшін әр кадр маңызды. Сондықтан білім беруде аса мұқият болуға тырысамыз. Жастарымыздың өзара ынтымақ-бірліктеріне қарап, бүгінгі саясаттың дұрыс жүзеге асып жатқанына куә болып жүрміз», - деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Дәл осындай игі шара Атырау облысында да жалғасын тапты. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов  ҚХА өкілдерін мерекелік медальмен марапаттады.

 «Ассамблея - бұл елімізде қоғамдық келісім мен ел бірлігін айқындайтын құрылым. Еліміздің өркендеуі жолында қазақстандықтардың қосқан үлесі зор. Осы орайда бір топ еңбек ардагерлері мен Атырау облысы ҚХА өкілдерін «Қазақстан халқы Ассамблеясына - 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттаймын» , - деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Облыс әкімінің қолынан марапат алған Максим Ли өз қуанышымен бөлісіп, қазақ халқының өзге ұлттарға деген кең пейілі мен дархан құшағына алғыс білдірді.

«Менің ата-бабам сонау репрессия жылдары Қазақстанға жер аударған. Содан мен осы қасиетті Отанда туылдым. Ата-әжем, әке-шешем қазақ халқынан көрген жақсылығын өмір бойы ауыздарынан тастамай өтті. Мен де балаларыма бұл ұлы халықтың ерекшеліктерін бойына сіңіріп, мемлекеттік тілді меңгерулері үшін аянбай еңбек етіп жүрмін. Мен қазақ халқын құрметтеймін, сәйкесінше қазақ тілін де жақсы білемін. Бұл менің Отаныма деген шексіз махаббатымнан», - деді ҚХА мүшесі Максим Ли.

Есткеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толып отыр. Осы орайда бірқатар азаматтар мерейтойлық медальдармен марапатталып жатыр.