29 сәу, 2022 сағат 14:03

Ассамблея бірегей кәсіби мәмілегерлер институтын қалыптастыруға кірісті - Президент


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамбелясын кикілжіңдердің алдын алу және одан кейінгі реттеу жұмыстарында қажетті деңгейде белсенділік танытуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құқық қорғау қызметі үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Өйткені оны этносаралық қатынаста қолдану өзекті. Ассамблея мүшелері тек этномәдени салада, қайырымдылық пен волонтерлікте ғана емес, адам құқықтарын пайдалану, этномедиация, жастармен жұмыс, кикілжіңдердің алдын алу, кикілжіңдерден кейінгі реттеу жұмыстарында да қажетті деңгейде белсенділік танытуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында. 

Президенттің пайымынша, бұл тақырыптар ассамбеляның бүкіл қоғамдық құрылымдарының үнемі назарында болуы қажет. 

«Мен уәкілетті органдарға тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Ассамблея медиация базасында бірегей кәсіби мәмілегерлер институтын қалыптастыруға кірісті. Бұл қолдауға лайық жұмыс, бұл – іске деген түбегейлі жаңа көзқарас», - деді Мемлекет басшысы.