18 там, 2021 сағат 15:33

Асхат Жапсарбай елордада жылу тарифтерінің негізсіз көтерілуі туралы пікір білдірді


ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Жапсарбай жылыту тарифтерінің негізсіз көтерілгенін мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан қаласында біз көптеген тексерулер жүргіздік. Өздеріңіз білесіздер, былтыр біз 20-дан астам тексеру бастағанбыз. Иә, шынымен де заңға қайшы фактілер болды. Біз жылумен жабдықтаушы ұйымдарды әкімшілік жауапқа тарттық, бірақ бұл қайшылықтар көбінесе жылумен жабдықтаушы ұйымдар мен пәтер иелерік коперативтерінің, мүлік иелері бірлестіктерінің құқықтық қатынастарының реттелмеуінен туындаған. Салдарынан тұтынушылардың артық төлем жасауына негіз пайда болған. Мұндай фактілер болды», - деді Асхат Жапсарбай орталық коммуникаиялар қызметінде өткне брифингіде.

Оның айтуынша, аталған олқылықтар жойылған. Бірақ бұл бүкіл Нұр-Сұлтан бойынша жылу ақысы қайта есептеледі деген сөз емес.

«Біз тұтынушылардан артық төлем алған жабдықтаушы ұйымдарға артық қаражатты қайтару туралы ұйғарым шығардық. Сондықтан, бұл жұмыс ауқымды сипатта емес, әр тұрғын үй кешенінде әр түрлі болуы мүмкін. Сұрақтар болса, біздің комитетке егжей-тегжейлі мәлімет ұсынуыңызды сұраймын. Біз бұл мәселені көтеруге және зерделеуге дайынбыз», - деп қорытындылады комитет басшысы.