09 жел, 2021 сағат 21:57

Әскери ұшқыштар Мемлекеттік туды алып ұшты


Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Әскери-әуе күштері армия авиациясының жауынгерлік тікұшақтары көк аспанда тәуелсіз еліміздің символы – Мемлекеттік туды қалықтатып алып ұшты. Бұл туралы ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осылайша, ең үздік ұшқыштар экипаждары «Менің Туым – менің Отаным» акциясына қатысты.

Ұшқыш-мергендер – ӘӘК армия авиациясының бастығы полковник Нұрлан Байдуллаев, авиация базасының командирі полковник Мақсұтбек Әділбаев Ми-171Ш тікұшағымен елорда аспанында Қазақстанның Мемлекеттік туын қалықтатып алып ұшты. Бұл көріністі орындауда олармен тәжірибелі ұшқыштар мен штурмандар басқарған Ми-17 бұрамалы қанатты тікұшақтар әуеде ілесіп ұшты.

Акцияға қатысуға іріктелген әскери ұшқыштар – әскери парадтардың, «КADEX» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік халықаралық көрмесіне қатысқандар. Олардың шеберлігінің арқасында жүздеген оқу-жауынгерлік тапсырмалар сәтті орындалып, республикалық және халықаралық оқу-жаттығулар, сондай-ақ байқаулар мен жарыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізілді.

«Ту – әр мемлекеттің басты символдарының бірі, елдің егемендігі мен біртұтастығының белгісі. Қазақстан халқы үшін маңызды күнді мерекелеу қарсаңында оқу-жаттығу ұшуларын орындау арқылы акцияға қатысуды жөн көрдік», – деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы полковник Нұрболат Топаев.

Әуе қорғанысы күштері Қазақстанның әуе кеңістігінің қауіпсіздігін күзетуде. Авиация паркі жыл сайын техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен толықтырылып отыр. Кәсіби шеберліктіктерін шыңдау үшін жеке құрамға қолайлы жағдайлар жасалуда.