Қарулы күштер құрамында әскери- патриоттық жұмысты жүйелі түрде нығайту маңызды болып тұр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің Қарулы күштерде екі проблема бар, яғни қатардағы жауынгерлердің зәбір көруі, әскердің ел алдында беделінің төмендеуі байқалып отыр. Бұл - мемлекетті қорғау саласындағы жүйелі проблема. Азаматтар, әскер өкілдері бұл мәселені бірігіп шешуі қажет. Еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені қайта қарау өте маңызды. Әскери-патриоттық тәрбие барысында Отан қорғау миссиясына позитивті эмоционалдық, күш-жігерлік сезім, Отан қорғаудың маңызы жөнінде жас жеткіншектерге терең ақпарат беру керек», - деді Е. Саиров Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.
Осы орайда депутат «AMANAT» фракциясының тиісті ұсыныстарын жариялады.
«Көптеген ғалымдар «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырында ел тәуелсіздігін сыртқы жаулардан қорғау сарыны үстем деп атап өтеді. Балалық шақтан батырлар жырын, патриоттық сезімді ардақтап, батырлықты мадақтаған, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттерді дәріптейтін мектепке дейін, мектеп кезеңіндегі бағдарлама қажет», - деді ол.
Сонымен қатар Саиров мемлекеттік тіл ұттық өрлеудің ажырамас бөлігі екендігі жөніндегі ұғым мектепке дейін, мектеп бағдарламасының өзегі болуы тиіс екенін атап өтті.
«Бейбіт күндегі қатал тәртіпке қазіргі технология заманындағы жас буынның бойы үйренбей жатыр. Сондықтан әскери патриотикаға жаңа мотивацияның тәсілін ойластыру керек. Қарулы күштер құрамында әскери - патриоттық жұмысты жүйелі түрде нығайтып, жаңа технологиялар еңгізу қажет. Әскери оқу орындарында темірдей тәртіппен қатар, адамгершілік, бауырмалдық курстарын ұйымдастыру маңызды. Адамның тағдырын тікелей шешетін командирлер жоғары моральдық-психологиялық дәрежеге ие болуы тиіс», - деді депутат.