Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған осы комитеттің мүшелері еліміздің Қорғаныс министрлігінде болып, Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Әскери доктринада еліміздің Қарулы Күштерін, әскери құрылымдарды дамытудың кешенді шаралары белгіленді. Ол бойынша Қарулы Күштердің құрылымдарын оңтайландыруды және жетілдіруді; оның жауынгерлік құрамын күшейтуді; стратегиялық аралық сипаттағы толыққанды әскери топтарды құру көзделген.
Сондай-ақ, бұл шара басқарудың автоматты жүйесі мен коммуникация құралдарын енгізу есебінен әскерді басқару жүйесін жетілдіруді; ақпараттық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құруды; әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін жетілдіруді; қазіргі заманғы қару-жарақ және техникамен, оның ішінде дәлдігі аса жоғары қарулармен жабдықтау есебінен әскерлердің жауынгерлік қабілеттілігін арттыруды; әскерлердің жауынгерлік дайындық жүйесіне қазіргі заманғы даярлық кешендерін енгізуді; әскери білім беру және мамандар даярлау жүйесін жаңғыртуды; мемлекет аумағын және Каспий аймағындағы әскери инфрақұрылымдарды жедел жабдықтауды жетілдіруді және басқа да міндеттерді қарастырады.
Әскери доктрина аясында Қарулы Күштерді, басқа әскерлерді және әскери құрылымдарды кешенді дамыту туралы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов баяндады. Талқылау барысында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарушы Сәбит Битаев сөз сөйледі.
Сенаторлар Нұртай Әбіқаев, Мұхтар Алтынбаев және Серік Жақсыбеков Әскери доктринаны іске асыруға, әскери сала мен қорғаныс туралы заңнаманы жетілдіруге қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.
Кездесу қорытындысы бойынша Дариға Назарбаева әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын, олардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту және еліміздің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік беретін басқа да мәселелерді талқылау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс тобын құруды ұсынды.
Сенаттың жоғарыда аталған комитеті еліміз Қарулы Күштерінің Қарағанды гарнизонындағы әуе қорғанысы әскери бөліміне баруды жоспарлап отыр.