10 қар, 2019 сағат 09:26

Асқар Мырзахметов мектеп-интернаттың жай-күйімен танысты

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатының тәрбиеленушілерімен кездесті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Асқар Мырзахметов алдымен мектеп-интернат ғимаратын аралап, жай-күйімен танысты. Мекеме директоры Ельмира Жақсылықова білім ордасында бүгінде 390 бала тәрбиеленіп жатқанын жеткізіп, олардың қатарында жартылай жетім, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары бар екендігін айтты. Оларға барлығы 86 педагог, тәрбиелеуші білім беруде.

Өңір басшысы мекеме ауласындағы жаяу жүргіншілер жолы, жатақханадағы төсек орындарын жаңалау, ғимарат ішіндегі жарықтандыруды арттыру мәселелеріне назар аударып, құрал-жабдықтардың жеткілікті, асхананын талапқа сай болуына барынша көңіл бөлді. Сонымен қатар, мұндай әлеуметтік нысандардағы түйінді түйткілдерді шешу, ондағы тәрбиленушілер мен қызмет алушыларға барлық қолайлы жағдай жасау - қашанда басты назарда болу керектігін баса айтты.

Бұдан соң тәрбиеленушілер кездескен аймақ басшысы балалардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, өзінің оқушы кездегі қызықтарымен бөлісті.

Облыс әкімі тәрбиленушілерді еркін әңгімеге тартып, олардың арман-тілектеріңе құлақ түрді. Өз кезегінде оқушылардың бірі оқу құрал-жабдықтарын, өнерге қызығатындары саз аспаптарының жеткіліксіздігін, енді бірі интерактивті тақтаның санын арттыру керектігін айтып, өтініш білдірді.

Асқар Мырзахметов олардың өтініштеріне бей-жай қарамай, қажеттіліктерін алып беруге уәде берді. Жүздесу естелік суретке түсумен аяқталды.

Айта кетейік, бұған дейін аталмыш мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері облыс басшысымен кездескілері келетіндерін айтып видео жолдаған. Әкім балалармен уақыт тауып, жүздесуге уәде берген еді. Аймақ басшысы уәдесінде тұрып, кездесуге барды.