22 қар, 2016 сағат 08:58

Асқар Мамин Алматы агломерациясын дамыту мәселелерін қарастырды

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматыда болды.

А. Мамин Gate City жобасы іске асырылып жатқан Алматы агломерациясының солтүстігіндегі спутник-қаланың құрылыс барысымен танысты.

Қазіргі таңда Gate City спутник-қаласында сумен, электрмен, газбен қамту, жол инфрақұрылымы нысандары тұрғызылып, жылу желілерінің құрылысы жүргізілуде. 2017 жылы индустриалды аймақта алты жоба, сонымен қатар алғашқы тұрғын кешендері қолға алынады.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, сондай-ақ, «Солтүстік айналым - Бөкейханов» көлік түйінінің құрылысын тексеріп қайтты. Көлік түйінін 2017 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарда бар. Перспективті өткізу қабілеті – тәулігіне 361 177 автокөлік.

Сапар барысында А. Мамин 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында «Алтын Орда» базары ауданындағы Алматы-Бішкек жолының учаскесіне қайта құру жұмыстарын бастауды тапсырды. Бұл учаске Алматыға кіріп/шығатын барынша көп пайдаланылатын жол. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, сонымен қоса, келесі жылдың бірінші жартыжылдығында ұзындығы 66 км (6-8 жолақ) болатын Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жағдайында бастауды тапсырды.

Жұмыс сапары барысында А. Мамин Алматының Алатау ауданының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Индустриялық аймақта болды. Жалпы ауданы 490 га болатын индустриялық аймақ алты өндірістік секторға бөлінген. Бұл азық-түлік, машина құрастыру, құрылыс, фармацевтика, химия және жеңіл өнеркәсіп. Индустриялық аймақ аумағында А. Мамин «BRB APK» ЖШС жылу кешенінің жұмысымен танысты. Жылыжайдан тәулігіне 20 тоннаға дейін көкөніс жиналады.

Бұдан кейін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қаланың Әуезов ауданында орналасқан «Достық» метро станциясының құрылыс барысын қадағалады. Жаңа станция Абай даңғылын бойлай, жүргін бөлік астында Момышұлы көшесінен батысқа қарай тұрғызылатын болады.

«Алматы үшін метрополитеннің дамуы өте маңызды, «Сары-Арқа» мен «Достық» екі жаңа станцияларының пайдалануға берілуін есепке алғанда, жолаушылар ағыны тәулігіне 45-тен 90 мың жолаушыға дейін артады», - деді А. Мамин.

Екі жаңа станция 2020 жылға қарата іске қосылады деп жоспарланған. 

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Алматы қ. әкімдігінде Алматы агломерациясын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізілді.

А. Мамин Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы агломерациясын дамыту мәселесіне ерекше назар аударатынын айтып өтті.

«Сапар барысында Gate City спутник-қаласының инфрақұрылымын, жаңа метро станициясын дамыту мәселелері, қаланың көлік сызбасын жетілдіру және индустриалды жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылды. Бұлар дәл осы заманауи агломерацияны қалыптастыруға ықпал ететін жобалар. Алматы агломерациясы – елдің қарқынды дамуының маңызды нүктелерінің бірі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, агломерациялар – экономикалық локомотивтер», - деп сөзін түйіндеді А. Мамин.