Қазақстан әйелдері қаншалықты әртүрлі болғанымен, олардың уайымы біреу: жасырын тоқал, жария тоқал. «Тоқалым жоқ еді» десеңіз, оның болу ықтималдығы да тіршілігіңізді әбден улап тастауы мүмкін. Тоқал феноменімен бетпе-бет келгендер көбейген сайын ол, жалқы отбасылық мәселеден жалпы әлеуметтік мәселеге айналып барады. «Дәстүріміз еді» деп түсіндіре салғымыз келеді, бірақ, келісерсіз, бұрынғы тоқал алу мен қазіргі тоқал алудың парқы жер мен көктей. Қоғамдық мораль, сұраныстар басқа болды. Қазір басқа. Әйел өзгерді.
Сондықтан, мұныңыз – өнер позициясынан тыңғылықты зерттеуді қажет ететін тақырып. Расында, қазақ неге байыса қатын алады? Ері басқаға кеткен әйелдер қандай күйлерді бастан кешеді? Тоқал алған күйеудің көңілі көнши ме? Осының бәрі қарапайым көрерменді қызықтыратын сұрақтар. Демек, Гаухар Нұртас ханымның алғашқы фильміне атауы үшін ғана адамдар ағылып баруы мүмкін. Қазақ нарығына алғаш туындысын ұсынған продюсер Гаухар Нұртас, өз айтуынша, он екі жыл бойы Голливудта тәжірибе жинапты. Әзірге онысы кинотеатрлармен келісу шеберлігінен ғана байқалады. Мұндай көп сеанс бізде Ақан Сатаевтың киноларына ғана беріледі. Сонымен, «Тоқал» фильмі. «Алғашқы әсеріңізді айтыңыз» дегенде жұрттың бәрі «бұл қазір маңызды тақырып, өмірде болып жатқан оқиға» дейді. Сосын жеке туынды жайлы емес, тоқал алушылық туралы айтып кетеді. Өйткені, фильмнің жалғыз жеңісі – өзекті тақырыпты көтеруі. Бірақ, тақырыпты көтеру басқа да, ашу басқа. Ірі компанияның директоры Қайраттың (Е.Жолжақсынов) көңілі сүйкімді қыз Камилаға ауыпты (Ж.Мақажанова). Қоғамдық жұмыспен айналысатын өз келіншегі Бота (Г.Нұртас) дауылдың жақындап қалғанынан бейхабар. Қайрат басқаратын компания оның қайынатасына (Т.Жаманқұлов) тиесілі екені жағдайды қиындата түседі…
Жанрын «әлеуметтік драма» депті, бірақ, бұл анықтамаға сай ізденіс көрмедік. Неге десеңіз, туындының жалпы ауаны хабарлы сөйлем сияқты. Сценаристер сұрақ қоймайды. Тіпті, мұны сценарий деп атау қиянат, фабуладан әрі аспаған. Бір қайнауы ішіндегі, аса қисынды емес оқиғалар тізбегі ғана. Телеарналарымызда қаптаған (отбасылық) деректі драмалардың бірі сияқты. Кейіпкерін зерттеу жоқ, «еркектің бәрі бірдей» деген құрғақ айыптау ғана аңғарылады. Олар неге тоқалды болуға құмар? Мүмкін моногамия адам табиғатына жат шығар? Неге өрімдей жас қыз біреудің көңілдесі болуға келіседі? Себеп, салдарды ашуға суреткерлік өре жетіңкіремей тұр. Жалпы, Камила не істеп жүрген қыз? Қайдан келді? Қайда барады? Түсініксіз. Білдей компанияны басқарып тұрып, жеке қоры болмайтын Қайрат қандай бизнесмен? Ол да бұлыңғыр. Жалғыз түсінікті кейіпкер – Бота. Ол мінсіз. Ол періште. Өзі ақылды, өзі сұлу, өзі әйел, өзі еркек. Барлық бәйбішелер үшін кек алғандай сенімді. «Тоқал» бір қарағанда еркектің таңдауы, жемежемге келгенде әйелдің реваншы туралы болып шыққан. Шешуші әңгіме де әйелдердің арасында. Ал, фильм соңында Қайраттың қайда кеткені, не істеп жүргені белгісіз, біз оны «жоғалтамыз». Ол ешкімді қызықтырмайтын да сияқты.
Фильм шұбалаңқы. Іш пыстырарлық. Тоқалдың ірі пландағы дене мүшелері оны қызықты ете түскен жоқ. Конфликтілердің қайнауы ішінде. Мысалы, жоғарыда айтқандай, Қайраттың бір күнде қаңғып қалуы сенімсіз. Сосын тоқал барын бір бұлданып барып кешірген әйел аяқ астынан неге күйеуден айныды? Бір кешіріп алып, «ар ғана өзгермейді» деп табалауы да орынсыз. Ашық конфликт, ат құйрығын үзісу сахнасы жетіспейді. Күйеу бала мен атаның арасында да, әйел мен күйеудің арасында да. Авторлар Қайраттың жағдайын түсіндіріп әуреленбейді, көрерменді сендіру олар үшін перспективада жоқ. Сенсең де, сенбесең де осы. Қисынға сыю міндет емес.
Кейіпкерлердің ешбірінде әрекет шындығы жоқ. Аса талантты актер Тұңғышбай Жаманқұловтың ғана эмоциялары барынша шынайы. Ботаның анасы, ыңғайсыз шындықпен келіскен көп әйелдердің бірі ретінде сендіреді. Қайрат пен Ботаның қыздарында да сәл-пәл шынайылық бар. Бірақ, Ерік Жолжақсынов бастаған басқа актерлер ағаш сияқты, сіресіп ойнайды. Жәнел Мақажановадан аналық сезім байқалмайды. Оның көрген жерден ақыл айтатын құрбысының линиясы соңына жетпеген. Фильмнің басында өзін құпия ұстап, нық дауыспен тапсырма берген Байкенже Белбаевтың кейіпкерінің әлеуеті жоғары еді. Ол да қайнау нүктесіне жетпей, жарты жолда қалды. Ботаның інісінің де линиясы анық емес. Байдың баласы неге түк көрмегендей ұсақтүйекке алданып қала береді? Компанияға қатысты проблемалар да қисынсыз.
Кейбір көріністері өмір шындығынан алыс. Мысалы, әкенің қазасына қатысқандардың бәрі қара киінгенін алыңыз. Мейлі, Голливудқа еліктесін. Көңілдесіне міндетті түрде мейрамханада отырып жақұт сыйлау сахнасына еліктесін. Бесіктегі сәбиі жылағанда, «баланы алсаңшы» деп әйелі күйеуіне тапсырма беретін сахнасына еліктесін. Бірақ, өлімге қазақтарды қара киіндіру деген, өз ұлтыңның жалғыз ерекшелік белгісін тартып алу ғой. Қазақстанда қара киінетін дәстүр жоқ. Өмірі Қазақстанда тұрып көрмегендей, әкеңіз өліп жатқанда иығы ашық көйлекте сылаңдауыңызға жол болсын.
Қысқасы, фильмнің сценарий авторы, режиссері, продюсері, әрі басты рольдегі актрисасы Гаухар Нұртас Голливудты табындырып келген профессионал болып көрінгісі келгенімен, «сұлу өзін» қызықтаған Ботасын алдыңғы планға шығара беретінін аңғардық. Әйтпесе, өмір бойы өз ісінің дұрыстығына өкінбеген, күйеу балаға да сондай ақыл берген әке өліп бара жатқан сәтінде «кезінде жастықпен қыдырып қойып едім» деп кешірім сұрауы неғайбыл ғой. Әсіресе, туған қызынан.
Қызық. Г.Нұртас фильмінде алдымен полигамия нормаға айналған дүниені, солай санайтын еркек адамның танымын көрсетеді (әке, бала, күйеу бала), бірақ, сол азаматтарға әйелдік пікірін күштеп таңғысы келеді. Демек, сценарист пен режиссер ретінде өзінің кейіпкерлерін зорлап, иіп әкеліп өз көзқарасын таңады.
Фильмнің Алматыдағы тұсаукесерінде Г.Нұртас та, режиссер, сценарий авторларының бірі Е.Чельцов та өз туындысын мақтап, көңілі көншіп отырды. Содан-ақ сезіктенгенбіз. Өйткені, шын суреткерлер ешқашан өз жұмысына көңілі толмайды, алда-жалда көңілі тола қалса да, онысын абайлап жеткізеді. Және сол кезде «Тоқалды» Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, т.б. бірнеше елде көрсетеміз деген жоспарлар айтылды. Касса жинауына шын көңілден тілектеспіз (шынын айтқанда, касса жинайтын әлеуеті төмен). Бірақ, көркемдік құндылығы күмәнді «Тоқал» Г.Нұртастың киногер ретіндегі репутациясына қаншалықты жағымды әсер ететіні – сұрақ белгі.
Әсия Бағдәулетқызы
"Атырау" газеті