Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин кәсіпорындарда вакцина алған қызметкерлердің қалай тексерілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Республикалық ведомствоаралық комиссия бекітіп, алгоритм тәсілдері мақұлданды. Алдымен жобалық кеңсе қызметкерлердің саны 55 адамнан асатын және персоналдың кемінде 60%-ы бірінші компонентпен егілген кәсіпорындардың тізімін жасайды. Бұл тізімдер жергілікті атқарушы органдарға беріледі, ал олар бұл тізімді бекітіп, мониторинг топтарына беруі тиіс. Мониторинг топтардың рейді infokazakhstan.kz сайтында тіркеледі және жұмыс күндері, сағат 10:00 - ден 17:00-ге дейін өткізіледі», - деді Бекшин.
Оның айтуынша, мониторинг топтары қандай да бір объектіде жұмыс істейтін барлық қызметкердің тізімін тексереді. Вакцина алғандарды, сондай-ақ, медициналық көрсеткіші бойынша вакцинациядан босатылған адамдарды және жеті күн ішінде ПТР тест тапсырған адамдарды көрсете отырып, аты-жөндері мен ЖСН-нын белгілейді.
«Мониторинг топтары таңдау арқылы Ashyq қосымшасында көрсетілген адамдардың мәртебесін және қызметкерлердің тізімімен салыстырып тексереді. Егер 50 - ден 200 адамға дейін болса, онда жұмыстағы қызметкерлердің кемінде 10% - ы іріктеп тексеріледі, егер 201-ден 500-ге дейін болса, онда 5% - ы, ал 500-ден 1 000-ға дейін болса, онда 3% - ы, 1 000-нан астам болса, онда 1% - ы таңдау арқылы тексеріледі. Егер қызметкердің «қауіпті» статусы болса, онда оның неліктен жұмыс орнында болуының негізі нақтыланады. Егер осы жағдайдың негізі болмаса, онда баянат түріндегі материалдар аудандық санэпидбақылау басқармасына беріледі. Аудандық басқарманың қызметкерлері статусында «көк» түсі бар адамдарды қайта тексереді, себебі, базаға кіре алады, сондай-ақ, медициналық ақпараттық жүйе көрсетіледі. Осы материалдарды талдау барысында СЭС әкімшілік шараларды қабылдайды», - деп толықтырды спикер.
Осыған байланысты алдымен кәсіпорын басшылары ескертіледі, жағдай қайталанатын болса, компанияға айыппұл салынады, ал объект Ashyq жобасынан шығарылады. Тексеру барлық ресми құжаттар рәсімделген соң басталады.