17 мау, 2021 сағат 17:40

Ashyq: «Turkistan» әуежайында мәртебесі «қызыл» түсті көрсеткен азамат рейске жіберілмеді


«Turkistan» халықаралық әуежайында оқшаулау режимін бұзған азамат анықталды. Статусы «қызыл» түсті көрсеткен Түркістан қаласының тұрғыны рейске жіберілген жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 1 маусымнан бастап үй карантинінде жатқан Түркістан қаласының тұрғыны 10 маусымда өзін-өзі оқшаулау кезеңінің аяқталуын күтпестен қаладан кетуге тырысқан. Азаматтың коронавирустық инфекцияға шалдығуына байланысты карантинге жатқызылған уақытынан 14 күн өтпегендігі жөнінде «Turkistan» халықаралық әуежайында Ashyq жобасы аясында белгілі болды. 

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары оқшаулау режимін бұзушыға әкімшілік айыппұл салды. ӘҚБтК-нің 452 бабына сәйкес оның мөлшері 87 510 теңгені құрайды.

Түркістан облысында 10-15 маусым аралығында Ashyq ақпараттық платформасының көмегімен өзін-өзі оқшаулау режимін бұзудың 6 жағдайы тіркелген. Қызыл түс 2 пайдаланушыда, сары түс 4 пайдаланушыда анықталған.

Еске салайық, 10 маусымда Қазақстанда КВИ-ға шалдыққан науқастар және олармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитариялық-эпидемиологиялық талаптар күшіне енген болатын. Өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушылар Ashyq ақпараттық платформасының көмегімен анықталады.