08 жел, 2016 сағат 12:17

АШМ суармалы жерлерді қалпына келтіруге 277 млрд теңге жұмсамақ

Жыл соңына дейін Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылдануы шарт. Бағдарлама бойынша 2021 жылға дейін 610 мың гектар жер қалпына келтірілмек. Оған 277 млрд 709 млн теңге қарастырылған. Ал коллекторлық-дренаждық желілерді қалпына келтіруге 39 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Алдағы 5 жылда 610 мың га аумақтағы суармалы жердің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Оған 277 млрд 709 млн теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Ал коллекторлық-дренаждық желілерді қалпына келтіруге 39 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Оның 32 млрд теңгесі Ислам даму банкі арқылы бөлінеді», - деді комитет төрағасы.

Ислам Әбішев аталмыш мемлекеттік бағдарламаға қаржы қайдан алынатындығын айта кетті.

«Бағдарлама 5 жылға жоспарланған. Қаржы Ислам Даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкінен алынады. Атап айтқанда, Ислам Даму банкінен 2 транш, Еуропа даму банкінен 2 транш, Азия даму банкінен 1 транш», - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, ҚР-сының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша Алматы облысында – 127 мың га, ОҚО-да – 99 мың га, ШҚО-да – 92 мың га, Жамбыл облысында – 86 мың га, БҚО-да – 40 мың га, Павлодар облысында – 30 мың га, Ақтөбе облысында – 29 мың га, Қызылорда облысында – 29 мың га, Қарағанды облысында – 28 мың га, СҚО-да – 28 мың га, Атырау облысында – 22 мың га жердің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жоспарланып отыр.